Malim.kz
Шоу-бизнес

"Әйелдің қулығы болу керек": Жанар Айжанова әйелдер туралы айтты

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: видеодан скриншот \ ЖИ арқылы өңделген

Әнші әрі актриса Жанар Айжанова әйелдердің отбасы қаржысынан хабардар болып, тұрмыстық мәселелерді өз бетінше шешуге үйренуі керек екенін айтты. Бұл пікірін ол Жанерке Сейфуллинаға берген "Айтарым бар" сұхбатында білдірді, деп хабарлайды Malim.kz. 

Өнер иесінің айтуынша, кей әйелдер күйеуіне толық арқа сүйеп, отбасының қаражаты мен мүлкіне қатысты шаруаларға араласпайды. Алайда жұбайы өмірден өткенде, күнделікті тіршіліктің өзін алып жүруге дайын болмай қалады.

"Менің көріп жүргенім – әйелдер күйеуі өмірден өтіп кетсе, өмір сүруге дайын болмай қалады. Қарапайым үйдің квартплатасын төлеуге үйренбеген. "Ақша, қор – барлығы күйеуімде" деп жүре берген", — деді Жанар Айжанова.

Әнші әйелдің отбасы мүлкінің қайда екенін, қаражаттың қалай жұмсалатынын білуі маңызды деп есептейді. Оның сөзінше, қиындық туған кезде бұрын араласып жүрген адамдардың бәрі бірдей қолдау көрсете бермейді.

"Күйеуі өлген әйелді ешкім аямайды. Достары барлығы жоқ болып кетеді", — деді өнер иесі.

Осыған байланысты Айжанова әйелдерді отбасындағы қаржылық және тұрмыстық шаруаларға араласуға шақырды. Ол мұны ертеңгі күнге дайын болумен, әсіресе балаларының қамын ойлаумен байланыстырды.

"Әйел араласу керек. Ертең екі қолыңды мұрныңа тығып қалмау керек. Бала-шаға бар артында", — деді әнші.

Сұхбат барысында өнер иесі қазақтың қалыңмал дәстүрін де сөз етіп, оның астарында өзіндік мән бар екенін айтты.

Жанар Айжанова кім?

Жанар Айжанова – қазақстандық әнші әрі актриса. Ол 1968 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген.

1995 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыка факультетін бітірген. Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында, "Адырна" фольклорлық-этнографиялық ансамблінде еңбек еткен. Әншілікпен қатар кино мен телехикаяларға түсіп, көрерменге актриса ретінде де танылған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары