1969 жылғы 19 қарашада адамзат Айға екінші рет қонды. Сол күні Бразилияда Пеле мансабындағы мыңыншы голын соқты. Ал Қазақстан тарихында бұл күн қазақ этнографиясын зерттеген Едіге Масановтың туған күні ретінде есте қалды. Malim.kz 19 қарашада Қазақстанда және әлемде болған елеулі оқиғаларды шолып шықты.
Қазақстан тарихында
1926 жыл. Этнограф Едіге Масанов дүниеге келді
19 қарашада Семейде қазақ этнографиясы мен тарихнамасының негізін қалаушылардың бірі Едіге Масанов дүниеге келді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылы ол әскерге бару үшін жасын төрт жасқа үлкейтіп көрсеткен. Сол себепті ресми құжаттарында туған жылы 1922 деп жазылған. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымның нақты туған жылын 1926 жыл деп көрсетеді. Биыл оның туғанына 100 жыл толды.
1992 жыл. Үлгерімі жақсы студенттерге біржолғы төлем тағайындалды
Тәуелсіздіктің алғашқы жылында, 19 қарашада, мемлекет басшысы үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларға біржолғы ақшалай көмек төлеу туралы өкім шығарды. Төлемді 1992 жылдың қараша және желтоқсан айларында жоғары оқу орындарының студенттеріне, арнаулы орта және кәсіптік-техникалық оқу орындарының оқушыларына беру көзделді.
2015 жыл. Астана әуежайында чартерлік рейстерге арналған терминал ашылды
Елорда әуежайында іскерлік авиацияға арналған алғашқы терминал жұмысын бастады. Аумағы шамамен үш мың шаршы метр болатын ғимарат сағатына 200 жолаушы қабылдай алатындай жобаланған. Чартерлік рейстерге қызмет көрсететін терминалда келіссөз бөлмелері мен конференция залы да қарастырылды.
Әлем тарихында
1863 жыл. Авраам Линкольн Геттисбергте тарихи сөз сөйледі
АҚШ президенті Авраам Линкольн Пенсильвания штатындағы Геттисбергте Азамат соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған зираттың ашылу рәсімінде сөз сөйледі. Ол соғыста құрбан болғандарды еске алып, елдің еркіндік пен теңдік мұраттарына тоқталды. Кейін бұл қысқа сөз АҚШ тарихында "Геттисберг үндеуі" деген атпен қалды.
1969 жыл. Адамзат Айға екінші рет қонды
"Аполлон-11" сапарынан төрт ай өткенде, "Аполлон-12" миссиясының қону модулі Ай бетіне жетті. Чарльз Конрад пен Алан Бин Айға аяқ басқан үшінші және төртінші адам болды. Бұл сапардың бір мақсаты қону нүктесін дәл таңдау еді. NASA дерегінше, модуль бұған дейін Айға жіберілген «Сервейер-3» аппаратынан шамамен 155 метр жерге қонған.
1969 жыл. Пеленің голынан кейін ойын 25 минутқа тоқтады
Сол күні Рио-де-Жанейродағы "Маракана" стадионында "Сантос" пен "Васко да Гама" кездесті. Есеп 1:1 болып тұрғанда Пеле пенальтиден гол соқты. Бұл оның мансабындағы мыңыншы голы ретінде тарихқа енді. Тілшілер мен жанкүйерлер алаңға шыққан соң ойын 25 минутқа тоқтады. Кездесу "Сантостың" 2:1 есебімен жеңісімен аяқталды.
1985 жыл. Рейган мен Горбачев Женевада алғаш рет кездесті
Қырғи-қабақ соғыс кезінде АҚШ президенті Рональд Рейган мен КСРО басшысы Михаил Горбачев Швейцарияның Женева қаласында алғаш рет бетпе-бет кездесті. 19 қарашада басталған келіссөзде екі елдің қарым-қатынасы, ядролық қаруды қысқарту және халықаралық қауіпсіздік талқыланды. Кездесу соңында тараптар қару-жарақты бақылау жөніндегі келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.