Америкалық рэпер Eminem мен колумбиялық поп-жұлдыз Shakira Орталық Азия туры аясында Қазақстанда концерт өткізгелі отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы «Спорт нысандары дирекциясы» ЖШС басшысы Есет Байтасов Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда тек келіссөздер ғана емес, нақты күндерді келісу, сондай-ақ ұйымдастырушылық және техникалық мәселелерді пысықтау жұмыстары жүріп жатыр.
Алдын ала жоспар бойынша концерттер 2026 жылы Алматы орталық стадионы алаңында өтуі мүмкін. Егер жоспар толық жүзеге асса, бұл Қазақстандағы ең ауқымды әрі резонансты музыкалық оқиғалардың біріне айналмақ. Алайда бір мәселе бар: стадионды жаңарту жұмыстары жоспарланған, сондықтан концерттердің қалай ұйымдастырылатыны әзірге нақты белгісіз.