Malim.kz
Шоу-бизнес

Айтуған Ғалымовтың бірінші жары жан сырын ақтарды

Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Блогер Айтуған Ғалымовтың бірінші жары Ильнура Ғалымова әлеуметтік желідегі парақшасында қазіргі өміріндегі қиын кезең туралы айтып, көпшілікке жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның сөзінше, сырт көзге үнемі көңілді әрі мықты болып көрінгенімен, соңғы уақытта ішкі күйзеліс пен алаңдаушылықты бастан өткеріп жүр.

“Қазір түнгі сағат 02:30. Балаларымды ұйықтатып болдым, бірақ өзім ұйықтай алмай жатырмын. Себебі көптеген ой іштен жеп барады. Сіздерге өзімді үнемі мықты етіп көрсетіп, көңілді жүргеніммен, оның артында қаншама қиындық бар. Сынаққа көніп жатырмын. Осыған да, басқасына да шүкір деймін. Өміріме келіп-кеткен адамдарға да ризамын. Бірақ шынымен қатты шаршадым. Көбіне мазасыз күйде жүремін”, – деді ол.

Ильнураның айтуынша, қызына диагноз қойылған. Баласының денсаулығына байланысты жағдай кез келген уақытта күрделенуі мүмкін болғандықтан, ана ретінде үнемі алаңдап жүреді.

“Біреу білсе, біреу білмес, қызыма диагноз қойылған. Ол кез келген уақытта ауырып қалуы мүмкін. Мұны көру маған өте ауыр. Мені ерекше баласы бар аналар түсінетін шығар. Кейінгі рет құрысу ұстамасы болған кезде қатты қиналдым. Өзімді қоярға жер таппай, не істерімді білмей қалдым”, – деді Ильнура Ғалымова.

Қазір оның қызы ауруханада күтушісімен бірге жатыр. Ильнура баласының жанында өзі бола алмай отырғанына қиналатынын да жасырмады.

“Қазір қызым күтушісімен ауруханада жатыр. Ал мен оның қасында бола алмай отырғаным үшін өзімді кінәлаймын. Барған сайын мені қимай шығарып салады. “Қалшы” дегендей болады. Осы ойлар мені іштен жеп барады. Басқа балаларыма да дұрыс көңіл бөле алмаймын, ауруханадағы қызымның жанында да жата алмаймын. Өйткені оларды асырау үшін жұмыс істеуім керек. Бәрін қатар алып жүру маған қиын болып жатыр”, – деп жазды ол.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Erкewoka лақап атымен танылған арудың сырға салу және ұзату тойынан кадрлар тараған еді. Кейін желі қолданушылары оның таңдауы блогер Айтуған Ғалымов екенін анықтады. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, көп ұзамай блогердің өзі екінші рет үйленгенін және екі отбасы бар екенін ашық мәлімдеген болатын.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары