Malim.kz
Шоу-бизнес

"Айтуын айтып алып, іштей қиналамын": Төреғалидің жұбайы қызы туралы сырын бөлісті

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Танымал әнші Төреғали Төреәлінің жұбайы Толқын Тұрарбекқызы үлкен қызы Кәусардың оңалту емінен қалай өтіп жатқанын айтты. Қызына күш беріп, жігерлендіруге тырысқан ана оның қиналғанын көру өзіне де ауыр тиетінін жасырмады, деп хабарлайды Malim.kz.

Толқынның сөзінше, қазір Кәусардың оңалту жаттығулары бұрынғыдан қарқынды жүріп жатыр. Кейде қызы шаршағанын айтып, анасына мұңын шағады. Осындай сәттерде ол баласына дем беріп, бастаған емді жалғастыруға жігерлендіреді. Дегенмен сырттай қайрат танытқанымен, іштей өзі де қиналатынын жеткізді.

"Кәусарым шаршағанын айтады. Бірақ бұл тоқтайтын жер емес деп қамшылаймын. Айтуын айтып алып, іштей қиналатыным бар. Мақсатқа жету жолы оңай болмайды… Бірге күйіп, пісіп өртеніп, жанып кететіндей-ақ жол", – деп жазды Толқын.

Әншінің жұбайы осы жолда сенім мен үміттің өзіне сүйеу болып жүргенін де айтты. Оның жазбасынан баласының әр қиындығын бірге сезініп, әр қадамына алаңдайтын ананың көңіл күйін аңғаруға болады. Қызына берілмеуді айтқанымен, оның шаршауы мен ауырсынуын көру анаға оңай емес.

"Ішіңде жалындап тұрған нық сенім мен үмітің болмаса, шайнап жұтып дымыңды қалдырмайтын жол. Себебі ана балаға келгенде өте әлсіз. Ал оның қиналғанын көру, сезу, бірге өткеру тіптен ауыр", – деп бөлісті ол.

Толқын алдағы ем жоспарына да тоқталды. Оның айтуынша, төрт айдан кейін Кәусарға диспорт екпесін салдыру көзделіп отыр. Бұған дейін бірнеше операцияны өткерген қызына ол қазірден рухани қолдау көрсетіп, алдағы емге деген сенімін нығайтуға тырысып жүр.

Анасы үшін бұл кезеңде қызының жаттығуларын жалғастыруымен қатар, оның көңіл күйін де қолдау маңызды. Толқын жазбасында ем жолындағы қиындықтарды жасырмай, Кәусармен бірге осы кезеңнен өтіп жатқанын жеткізді.

Төреғали Төреәлі кім?

Төреғали Төреәлі – қазақстандық эстрада әншісі, айтыскер ақын. Толық аты-жөні – Төреғали Төреәліұлы Әлиханов. Ол 1992 жылғы 14 қазанда Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Өнерге бала кезінен қызығып, әкесі Төреәлінің қолдауымен сахнаға қадам басқан. Алғашында айтыс арқылы танылып, кейін эстрадалық әншілікке бет бұрған.

Оның эстрададағы алғашқы туындыларының бірі – "Іздеме" әні. Әннің сөзін айтыскер ақын Қайнар Алагөзов, музыкасын сазгер Шымберген Сүлейменов жазған. Төреғалидің көпшілікке танылуына "Отанды сүю – иманнан" әні де ықпал етті. Өнер иесі тыңдарман арасында "Ұлы дала баласы" деген атпен танымал болып, осы атаумен жеке шығармашылық кешін өткізген.

Әншінің репертуарында махаббат, туған жер және отансүйгіштік тақырыбындағы шығармалар бар. Ерке Есмаханмен бірге орындаған "Алло" әні оның көпшілікке кеңінен тараған дуэттерінің біріне айналды. Сондай-ақ тыңдарманға "Бол жанымда", "Біртүрлі қыз" әндерімен таныс.

Төреғалидің жұбайы – Толқын Тұрарбекқызы. Өнер иесі 2017 жылы үлкен той өткізіп, жарымен бірге көпшілік алдына шыққан. Толқын әлеуметтік желідегі парақшасында отбасылық өмірі, бала тәрбиесі және үлкен қызы Кәусардың оңалту емі туралы бөлісіп тұрады.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары