Танымал тележүргізуші, журналист Анна Данченко "Құрмет" орденімен марапатталды. Ол мемлекеттік награданы марқұм ата-анасына арнайтынын айтты, деп Malim.kz тілшісі "Қазақстан" телеарнасы мен журналистің Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Астанада өткен Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының X құрылтайында Президент Анна Данченкоға елдің қоғамдық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін "Құрмет" орденін табыстады.
Тележүргізуші әлеуметтік желідегі жазбасында бұл күннің өзі үшін ерекше әрі толқынысқа толы болғанын жеткізді.
"Бұл марапатты ең алдымен өмір сыйлап, бойыма адамгершілік пен адалдықты сіңірген, тәлім-тәрбие берген аяулы Әкем мен Анама арнаймын!" – деп жазды ол.
Журналист әр жетістігінің артында ата-анасының ақ батасы, сенімі мен шексіз махаббаты тұрғанын атап өтті. Бүгінгі қуанышын олармен бөлісе алмағанымен, осы биікке жетуіне себепкер болған жандардың рухына тағзым ететінін айтты.
Анна Данченко бұл марапатты өзін тәрбиелеген қазақы ортаның, бойына сіңген ұлттық тәрбиенің және қазақ тіліне деген құрметінің жемісі деп бағалады. Оның мемлекеттік тілді меңгеріп, қазақы ортада өсуіне ата-анасы ықпал еткен.
"Қазақ тілі мен үшін тек қарым-қатынас құралы емес. Ол – менің болмысым, жүрегімнің үні, өмірлік таңдауым", – деді тележүргізуші.
Сондай-ақ ол еліне, халқына және өзін қолдап жүрген көрермендеріне алғыс білдіріп, мемлекеттік награданы үлкен жауапкершілік деп қабылдайтынын жеткізді.
"Әке, Анашым, бұл марапат – Сіздерге!" – деп түйіндеді журналист.
Анна Данченко кім?
Анна Данченко – қазақстандық журналист, тележүргізуші және продюсер. Еңбек жолын 2006 жылы Ақтөбедегі "РИКА ТВ" телеарнасында "Арайлы таң" бағдарламасының жүргізушісі болып бастаған. 2009–2019 жылдары "31 арнада" тілші, "Информбюро" жаңалықтарының жүргізушісі, кейін тележобалардың авторы әрі продюсері қызметтерін атқарған. Көрерменге "Айта берсін", "Жұлдызды шаңырақ", "Сәт сапар" жобалары арқылы танылған. 2026 жылдың қыркүйегінен бастап "Бірінші арна Еуразиядағы" QosLike бағдарламасын жүргізеді.
Медиадағы жұмысымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сабақ береді. Университеттің ресми мәліметінде ол журналистика факультетінің баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының аға оқытушысы ретінде көрсетілген.