Malim.kz
Спорт

Әкесінен айырылған Лионель Месси күтпеген шешім қабылдады

Мадияр Қапанбек
Лионель Месси. Фото: ELLIS / AFP via Getty Images

Әлем футболының жұлдызы Лионель Месси әкесі Хорхе Мессидің қайтыс болуына байланысты кәсіби міндеттерін уақытша кейінге ысырып, отбасымен бірге туған жері Аргентинаға барған, деп хабарлайды Malim.kz.

Хорхе Мессимен қоштасу рәсімінен кейін футболшы біраз уақыт Росариода қалып, жақындарының жанында болған. Әкесін жерлеу рәсімі отбасы мен ең жақын адамдардың қатысуымен жабық форматта өтті.

Аргентиналық Doble Amarilla басылымының 10 тамыздағы мәліметіне сәйкес, Месси сол сәтте АҚШ-қа қайтуға асықпай, бар назарын отбасына аударуды шешкен. Онымен бірге жұбайы Антонела Рокуццо мен балалары да болған.

Хорхе Месси 68 жасында ұзаққа созылған сырқаттан кейін өмірден өтті. Ол Лионель Мессидің әкесі ғана емес, көптеген жыл бойы оның өкілі әрі футболшының кәсіби мансабындағы ең жақын адамдарының бірі болған.

Мессидің басына түскен қайғыдан кейін Аргентина құрамасындағы қазіргі және бұрынғы әріптестері де оған қолдау білдірген. Doble Amarilla мәліметінше, Леандро Паредес, Николас Отаменди және Анхель Ди Мария Росариоға барып, футболшыға жеке көңіл айтуды жоспарлаған.

Алайда 12 тамызда жағдай өзгерді. Doble Amarilla Мессидің отбасымен бірге АҚШ-қа оралып, Флоридаға жеткенін хабарлады. Дегенмен футболшының "Интер Майами" сапына нақты қашан қосылып, алаңға қай күні шығатыны әлі анықталған жоқ. Клуб оған қайғысын еңсеруге қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт беруге дайын.

Еске сала кетейік, Лионель Месси әкесін жерлеу кезінде отбасының жеке өміріне қол сұқты деп есептейтін бірқатар аргентиналық БАҚ-қа қатысты заңды шара қолдануға ниетті екенін жазған едік.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары