Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты бойынша сот отырысында қаза тапқан жолаушы қыздың анасы сөз сөйледі. Оның айтуынша, қызы оқиға болған түні несие төлеуге ақша табу үшін такси қызметімен айналысып жүрген, деп хабарлайды Malim.kz.
Анасы сотта айыпталушыға ешқандай талабы жоқ екенін айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Жәбірленуші тарап сотталушының кінәсін мойындап, кешірім сұрағанын және келтірілген шығынды өтегенін мәлімдеді.
Сотта тағы бір жәбірленуші тарап та материалдық және моральдық шығынның толық өтелгенін айтып, айыпталушымен татуласқанын растады. Олар да жүргізушіге шартты жаза тағайындауды сұрады.
Алайда қаза тапқандардың бірі Құмар Теңелбаеваның туыстары татуласудан бас тартып, азаматтық талап қоюға ниетті екенін жеткізді.
Айыпталушы Александр Пак кінәсін толық мойындады. Іс ашық режимде қаралады, алайда соттың шешімімен айыпталушы мен жәбірленушілерді фото және видеоға түсіруге тыйым салынды.
Еске салайық, 21 наурызда Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған жол апатынан үш адам қаза тапқан еді. Тергеу мәліметінше, Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.