Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылында үш адамның қазасына себеп болған резонансты жол апатына қатысты қылмыстық іс сотқа түсті. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Олег Чернов мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, сотқа дейінгі тергеу аяқталған. Алдын ала сот отырысы 28 мамыр күні сағат 15:00-де Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі істің сотқа келіп түскенін растады. Алайда сот процесінің ашық немесе жабық форматта өтетіні әзірге нақтыланбаған.
Бұған дейін негізгі қылмыстық іспен қатар полиция қызметкерінің әрекетсіздігіне қатысты тағы бір іс тергеліп жатқаны хабарланған болатын.
Еске салайық, 26 наурызда ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев Алматы полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген еді.
Ал 12 мамырда Ішкі істер министрлігі тергеудің аяқталуға жақын екенін және істің жақын күндері сотқа жолданатынын хабарлаған.
Министрлік мәліметінше, күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.
Сонымен қатар қызметтік тексеріс нәтижесінде анықталған кемшіліктерге байланысты Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының жетекшілері қызметтерінен босатылған.