Malim.kz
Оқиға

"Алаяқтар шығар" деп хатты өшірген: ер адам бір кеште 50 миллион ұтып алды

• Алуа Әшірбекова
Фото: canva.com

Ұлымен бірге теледидардан футбол көріп отырған ер адам бір кеште мультимиллионер атанған. Бірақ ол ұтысы туралы келген алғашқы хатты қажетсіз хабарлама деп ойлап, ашпастан өшіріп тастаған, деп Malim.kz 7NEWS басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 2026 жылғы 12 наурызда Австралияда болған. Мельбурн маңындағы Уиндем-Вейл тұрғыны Powerball лотереясынан 50 миллион австралиялық доллар ұтып алған. Ол сол ұтыс ойынындағы бас жүлденің жалғыз жеңімпазы болған.

Миллионерді телефоннан таба алмаған

Лотерея өкілдері нәтижелер белгілі болғаннан кейін жеңімпазға қоңырау шалуға тырысқан. Алайда оның аккаунтында ескі телефон нөмірі тұрғандықтан, байланыса алмаған.

Содан кейін электрондық пошта арқылы хабарлама жіберген. Ер адам алғашқы хатты ашпай-ақ өшіріп тастаған. Тек екінші хат келгенде ғана күмәнданып, лотерея қосымшасындағы билетін тексерген.

Осыдан кейін ол ұйымдастырушыларға өзі хабарласып, ұтыстың рас екенін сұраған. Бір кеште өмірін өзгерткен жаңалықты естіген сәтте әлі де ұлымен бірге футбол көріп отырған.

Қымбат көлік емес, алдымен баспана

Жеңімпаздың айтуынша, отбасы ұзақ уақыт бойы жалдамалы үйде тұрған. Өз баспанасын сатып алу мүмкіндігіне сенуден де қалған.

Енді ол өзі тұратын ауданнан отбасына үй алуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге балаларының әрқайсысына баспана сатып алып, олардың ипотекасыз өмір сүргенін қалайды.

Кенеттен байып кеткеніне қарамастан, ер адам сән-салтанатқа ұмтылмайтынын жеткізген. Ол қарапайым өмірін жалғастырып, қоғамға пайдасы тиетін істермен айналысқысы келеді.

6,30 долларлық билет

Ер адам ұтыс әкелген билетті The Lott қосымшасы арқылы 6,30 австралиялық долларға сатып алған. Бұл жолы ол әдеттегі туған күндерге негізделген сандардың орнына басқа сандарды таңдаған.

Жеңімпаз аты-жөнін жарияламауды жөн көрген. Оның ерекше оқиғасы туралы Lottery Post материалынан да оқуға болады.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары