Әлеуметтік желіде Алатау қаласының үстінен ұшып бара жатқан ерекше ұшу аппаратының видеосы тарады. Желі қолданушылары оған қатысты жаңа дрондар, құқықбұзушылықтарды тіркеу жүйесі, тіпті аэротакси болуы мүмкін деген болжамдар жасады.
Тұрғындардың көңіліне күдік ұялатқан аппаратқа қатысты Алатау қаласының әкімдігі ресми түсініктеме берді.
“Видеода AutoFlight компаниясының eVTOL тік ұшып-қонатын жолаушыларға арналған электр аппараты сынақтан өткізілді. Сынақтар 2026 жылғы 19 мамырға жоспарланған Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы демонстрациялық ұшуға дайындық аясында өтіп жатыр”, – деп мәлімдеді қала әкімдігі.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай ауқымды жобалар кезең-кезеңімен дайындықты, технологияларды сынақтан өткізуді және барлық қауіпсіздік жүйелерін тексеруді талап етеді. Осыған байланысты қазір Алатау қаласында пилоттық кезең жүргізіліп, мамандар жаңа буындағы жолаушылар әуе аппараттарының мүмкіндіктерін, жүктерді дрон арқылы жеткізу жүйесін және қала жағдайындағы әуе қозғалысын цифрлық басқару жүйесін (UATM) сынап жатыр.
Жобаға Оңтүстік Корея, Италия және Қытай елдерінің халықаралық серіктестері қатысып жатыр. Демонстрациялық ұшулар мен сынақтарды қазақстандық Alatau Advance Air Group компаниясы мемлекеттік органдармен бірлесіп ұйымдастырды.
Әкімдік барлық ұшу сынақтарының уәкілетті органдармен келісілгенін және қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізілгенін атап өтті.
Бұл ұшулар қалалық әуе мобильдігін дамыту тұжырымдамасы (Urban Air Mobility) аясында өтіп жатыр. Бұл бастама Алатау қаласын жоғары технологиялық, экологиялық әрі инновациялық шаһар ретінде дамыту жобасының бір бөлігі ретінде қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, Алатаудағы Urban Air Mobility жобасы жеке қаражат есебінен жүзеге асырылып жатыр.