Алатау қаласында жол-көлік оқиғасы салдарынан біршама үйге жылу беру тоқтатылды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, кеше сағат 21:40–та газ құбырының орташа қысымдағы аркасын автокөлік соғып кету салдарынан апаттық жағдай болған. Осыған байланысты Речная, Садовая, Новая, Некрасов, Ленин, Калибеков, Жампейісов, Мақатаев, Момышұлы, Уәлиханов көшелерінде (Калибеков көшесінен Жамбыл көшесіне дейін) газ беру уақытша тоқтатылды.
— Бүгін таңертеңнен бастап жауапты мекеме — «NatGas» ЖШС тарапынан арнайы бригада қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, авариялық-қалпына келтіру дәнекерлеу жұмыстары түнгі уақытта жүргізілмейді. Газ беру бүгінгі күннің соңына дейін толық қалпына келтіріледі деп жоспарланған. Осыған байланысты тұрғындардан газ есептегіштің алдындағы кранды жабуды және уақытша баламалы отын түрлерін пайдалануды сұраймыз, — деп хабарлады әкімдіктен.