Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-министр Олжас Бектенов Алатау қаласын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді.
Жиында жаңа мегаполистің инвестициялық әлеуеті, инфрақұрылымы және құқықтық негіздері талқыланды. Үкімет басшысы Алатау қаласының елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсу орталығына айналатынын және бұл жұмыс Президенттің тікелей бақылауында екенін атап өтті. Сонымен қатар жаңа Конституция жобасында қала дамуының негізгі қағидаттары қамтылған, ал енгізілетін арнайы құқықтық режимдер елдің әкімшілік-аумақтық тұтастығына ешқандай әсер етпейді.
Қазіргі уақытта Парламентте Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы конституциялық заң жобасы қаралып жатыр. Қаланың инвестициялық портфелі 1,8 триллион теңгені құрайтын 44 ірі жобадан тұрады. Бұл бастамалар өнеркәсіп, логистика және креативті индустрия салаларын қамтып, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сәулеттік келбеттің өзегі ретінде Iconic Complex көпфункционалды кешені салынса, жоғары білікті мамандар даярлау мен технологиялық дамудың негізін KAIST Kazakhstan университеті қаламақ.
Инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар басталды. Энергиямен қамтамасыз ету үшін жаңа қосалқы стансалар салынып, «Ынтымақ» су тоғанының қуаты кеңейтіледі және ағын суды тазарту стансалары бой көтереді. Сонымен қатар газ тарату стансаларының құрылысы мен жол желілерін, оның ішінде жаңа жол өтпелерін салу бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл шаралардың барлығы Алатау қаласының заманауи цифрлық және инновациялық хаб ретінде қалыптасуына негіз болады.