Malim.kz
Экономика

Әлемдегі жұмыс аптасының ұзақтығы: Қазақстан нешінші орында?

Ереке Базарқұл
© Almaty.tv

Дүниежүзінде жұмыс уақытының ұзақтығы бойынша жаңа зерттеу нәтижелері жарияланды. Бұл туралы Almaty.tv басылымы жазыпты.

World Population Review порталының мәліметінше, әлем бойынша адамдар аптасына орта есеппен 38,67 сағат жұмыс істейді екен. 

Қазақстан болса, рейтингтің 105-ші сатысына жайғасыпты. Қазақстандықтар аптасына орта есеппен 38 сағатқа жуық уақытын жұмысқа арнайды екен. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз Бразилия (38 сағаттан сәл артық) мен Перу (37,92 сағат) елдерінің арасында тұр.

Орталық Азиядағы көршілес елдермен салыстырғанда, Қазақстанда жұмыс уақыты қысқарақ екені байқалады:

Түркіменстан: 41,5 сағат;

Қырғызстан мен Тәжікстан: 41 сағат;

Өзбекстан: 40,95 сағат.

Ең ұзақ жұмыс аптасы Бутан Корольдігінде тіркелген, мұнда тұрғындар аптасына 55 сағатқа жуық еңбек етеді. Сондай-ақ, рейтингтің алғашқы үштігіне Лесото (50 сағат) және Сан-Томе мен Принсипи (49 сағат) елдері кіріпті. Мамандардың пікірінше, бұл елдердегі өмір сүру деңгейінің төмендігі адамдарды экономикалық жағдайын жақсарту үшін ұзақ жұмыс істеуге мәжбүрлейді.

Ал ең қысқа жұмыс аптасы Йеменде (22,95 сағат) екен. Одан кейінгі орындарда Нидерланды (26,57 сағат) мен Дания (26,58 сағат) тұр. 

Зерттеу елдің экономикалық көрсеткіштері жұмыс уақытының ұзақтығына әрдайым тікелей әсер ете бермейтінін көрсеткен. Дегенмен, соңғы жылдары әлемде жұмыс уақытын қысқарту үрдісі белең алып келеді.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары