Malim.kz
Мәдениет

Әлемдік өнермен кездесетін сәт: Алматыда Кристиан Марклейдің «Сағат» туындысы алғаш көрсетілмек

Malim Админ

Алматыда кино мен шынайы өмірдің уақыты тоғысатын ерекше туынды көрсетіледі. 12 қыркүйекте Almaty Museum of Arts (ALMA) музейінің бір жылдығына орай Кристиан Марклейдің әйгілі «Сағат» (The Clock) бейнеинсталляциясы көрерменге жол тартады. Париждегі Помпиду орталығы ұсынған туынды Орталық Азияда алғаш рет Halyk-тің стратегиялық қолдауымен таныстырылады. Ал ашылу күні банк қала тұрғындары мен қонақтарына сый жасап, музейге тегін кіруге мүмкіндік жасамақ, деп хабарлайды Malim.kz.

Залға кірдіңіз делік. Экрандағы сағатқа көзіңіз түседі: ол телефоныңыздағы уақытпен дәлме-дәл сәйкес келеді. Кадрлар ауысып, кейіпкерлер өзгереді, оқиға бір қаладан екіншісіне көшеді. Бірақ экран мен сіздің өміріңіздегі уақыт бір ырғақпен жүріп отырады.

Кристиан Марклейдің портреті. Портрет: д-р Дж. Колдуэлл

Швейцариялық-америкалық суретші Кристиан Марклейдің «Сағат» туындысы осылай құрылған. Бұл жұмысты тамашалағанда уақыттың қалай өтіп жатқанын ұмыту да, әр минутын сезіну де мүмкін.

Бейнеинсталляция 2026 жылғы 12 қыркүйек пен 12 қазан аралығында ALMA музейінің «Әл-Фараби» залында көрсетіледі.

Кристиан Марклей «Сағат». Фото: Todd-White Art Photography White Cube (Лондон) және Paula Cooper Gallery (Нью-Йорк) галереяларының рұқсатымен

Алматы уақытымен жүретін кино

Марклей сағат көрінетін немесе уақыт айтылатын мыңдаған кино және телефильм үзіндісін жинап, олардан 24 сағаттық тұтас бейнеинсталляция құрастырған. Туынды қай қалада көрсетілсе, сол жердің уақытымен сәйкестендіріледі. Алматыда түс болса, экранда да тал түс болады.

Бір жұмыстың ішінде кино өнерінің жүз жылдан астам тарихы тоғысады. Таныс жүздер, түрлі дәуірлер, бір-біріне ұқсамайтын оқиғалар үздіксіз алмасып отырады. Оларды байланыстыратын ортақ желі – уақыт.

Кристиан Марклей «Сағат». Фото: Todd-White Art Photography White Cube (Лондон) және Paula Cooper Gallery (Нью-Йорк) галереяларының рұқсатымен

Көрермен залға бірнеше минутқа кіріп, бір сағатқа қалып қоюы мүмкін. Кейін қайта оралса, шығарманың мүлде басқа бөлігін көреді. Туындыны түсіну үшін оның барлық 24 сағатын көру міндетті емес. Автордың өзі де әр адамға қанша уақыт қалатынын еркін таңдауды ұсынады.

«Бұл – басы мен соңы бар фильм емес. “Сағатты” көру үшін ең қолайлы деген арнайы уақыт жоқ. Өзіңізге ыңғайлы кезде көрген дұрыс», – дейді Кристиан Марклей.

Осы еркіндіктің өзі туындының бір бөлігіне айналады. Экрандағы уақыт тоқтаусыз жүріп жатқанда, көрермен өз уақытының қаншасын өнерге арнайтынын шешеді.

«Сағат» алғаш рет 2010 жылы Лондонда таныстырылды. Содан бері ол заманауи бейнеөнердің ең танымал туындыларының біріне айналып, Нью-Йорктегі MoMA, Лондондағы Тейт галереясы және Париждегі Помпиду орталығы секілді ірі музейлерде көрсетілді. Енді оны Алматы көрермені де тамашалай алады.

Кристиан Марклей «Сағат». Фото: Todd-White Art Photography White Cube (Лондон) және Paula Cooper Gallery (Нью-Йорк) галереяларының рұқсатымен

ALMA-ның бір жылдығы: халықаралық серіктестіктің жаңа кезеңі

«Сағат» көрсетілімі ALMA мен Помпиду орталығы арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастыққа жол ашады. Бір жылдығын атап өтетін музей үшін бұл серіктестік әлемдік өнерді қазақстандық көрерменге жақындатуға мүмкіндік береді.

«Помпиду орталығымен ынтымақтастық – бір реттік шара емес, ұзақ байланыстың бастауы. Біз Алматы тұрғындары мен қонақтарының елден шықпай-ақ заманауи өнердің үздік туындыларын тамашалағанын қалаймыз», – дейді Almaty Museum of Arts негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.

Жоба Halyk-тің стратегиялық қолдауымен жүзеге асып отыр. Музейдің бас серіктесі мерейтой күні көпшілікке арнайы сый дайындады: 12 қыркүйекте сағат 11:00-ден 21:00-ге дейін музейге кіру баршаға тегін болады.

«Сағат» премьерасы қазақстандық мүсін өнеріне арналған «Мүсіндер» көрмесімен бірге мерекелік бағдарламаның басты оқиғаларының бірі болмақ. Бұл күн музейге алғаш рет келуді жоспарлағандар үшін де, оның көрмелерін тұрақты тамашалайтындар үшін де жаңа туындылармен танысуға жақсы мүмкіндік.

Кристиан Марклей «Сағат». Фото: Todd-White Art Photography White Cube (Лондон) және Paula Cooper Gallery (Нью-Йорк) галереяларының рұқсатымен

Halyk қолдауы: әлемдік өнерді жақындату

Halyk үшін бұл жобаға қатысу мәдениет пен білім саласына көрсетіп келе жатқан жүйелі қолдаудың жалғасы саналады. Мұндай серіктестік халықаралық деңгейдегі өнер туындыларын елге әкелуге және оларды кең аудиторияға таныстыруға жағдай жасайды.

«Біз мәдениет пен білімді көп жылдан бері жүйелі түрде қолдап келеміз. Өйткені елдің болашағын қалыптастыратын – осы салалар деп сенеміз. ALMA-дағы “Сағат” секілді жобалар Қазақстанды әлемдік мәдени кеңістікпен байланыстырады. Банкіміздің осы үдеріске қатысуы біз үшін маңызды», – дейді Halyk басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.

Бұл қолдаудың нәтижесін көрермен тікелей сезіне алады: әлемнің жетекші музейлерінде көрсетілген туындыны Алматыда көруге, ал музейдің туған күнінде өнермен тегін танысуға мүмкіндік бар.

Кристиан Марклей «Сағат». Фото: Todd-White Art Photography White Cube (Лондон) және Paula Cooper Gallery (Нью-Йорк) галереяларының рұқсатымен

Түнгі көрсетілімнің өз әсері бар

Көрме өтетін бір ай ішінде ALMA төрт рет тәулік бойы жұмыс істейтін көрсетілім ұйымдастырады. 19 және 26 қыркүйекте, 3 және 10 қазанда бейнеинсталляцияны 24 сағат бойы үздіксіз тамашалауға болады.

Бұл – музейдің әдеттегі жұмыс уақытынан тыс қалатын түнгі және таңғы үзінділерді көру мүмкіндігі. Уақыт өзгерген сайын туындының ырғағы, көңіл күйі мен оқиғалар желісі де ауысады. Сондықтан әр келген сайын көрермен шығарманы жаңа қырынан қабылдай алады.

«Залға кіргенде, экран дәл сіз өмір сүріп жатқан минутты көрсетеді», – дейді ALMA көркемдік жетекшісі Меруерт Қалиева.

«Сағатпен» танысу үшін ерекше дайындық қажет емес. Өзіңізге ыңғайлы сәтте келіп, экранға зер салсаңыз жеткілікті. Сол сәтте кино мен сіздің өміріңіз бір уақытпен жүре бастайды.

Өтетін мерзімі: 2026 жылғы 12 қыркүйек – 12 қазан.

Өтетін орны: Almaty Museum of Arts, «Әл-Фараби» залы.

Музейге тегін кіру: 12 қыркүйек, сағат 11:00–21:00. ALMA-ның туған күніне орай бас серіктес Halyk ұсынған сый.

Тәулік бойғы көрсетілімдер: 19 және 26 қыркүйек, 3 және 10 қазан.

Malim Админ
Автордың басқа материалдары