Malim.kz
Денсаулық

Алғабастағы өрт: аман қалған ер мен әйел адам ауруханадан шықты

Айбын Атабай
Azattyq Rýhy

Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында алапат өрттен зардап шеккен екі ересек пациент ауруханадан шыққан. Қазір оларға амбулаториялық ем тағайындалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева мәлімдеген.

Оның айтуынша, тілсіз жаудан аман қалған 1986 жылғы ер адам мен 1990 жылғы әйел жағдайлары жақсарғанына байланысты амбулаториялық емге жіберілген.

«Түркістан облысында өрттен зардап шеккен екі адамның жағдайы қанағаттанарлық. 30 қараша күні олар ауруханадан шығарылып, амбулаториялық емге жіберілді. Өкінішке қарай, өрттен аман қалған 2018 жылғы бүлдіршін жарақатының ауыр болуынан 30 қараша күні қайтыс болды. Марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз», - деді Сәрсенбаева Мәжіліс кулуарында.

Сәрсенбаеваның айтуынша, екі пациент 30 қараша күні Шымкент қалалық ауруханасынан амбулаториялық емге шығарылған. Алайда олардың жағдайын одан әрі бақылау үшін 1 қараша күні Жетісай аудандық ауруханасына жатқызған.

Ауруханадан шыққан 1986 жылғы ер адам үш күн бұрын қайтыс болған жеті жасар қыздың әкесі екен.

Естеріңізге салайық, 18 қараша күні сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жер үй өртке оранып, 12 адам, соның ішінде тоғыз бала қаза тапты. Үш адам ауруханаға жеткізілген болатын. Алайда 30 қарашада 2018 жылғы қыз бала аурухана төсегінде қайтыс болды.

Түркістан облысының полициясы өрт қауіпсіздігін сақтамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары