Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Түркістан облысында үйдің өртінен зардап шеккен үш адамның жағдайы жөнінде айтып берді., деп хабарлайды Malim.kz.
Оның сөзіне қарағанда, екі ересек адамның жағдайы тұрақты.
— Зардап шеккендердің барлығы Шымкентке жеткізіліп, оларға қажет көмек жасалып жатыр. Баланың жағдайы өте ауыр. Алматыдан мамандар тартылып, тұрақты түрде кеңес беріп жатыр. Олар ем-домды реттеп, олардың жағдайын бағалады. Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстап тұр, — деді Т. Сұлтанғазиев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Еске салсақ, 18 қарашада таңертең Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.
Өрттен кейін медициналық мекемелерге үш адам — екі ересек және бір бала жеткізілді. Ведомство ақпаратына сәйкес, қазір барлығы реанимация бөлімінде жатыр, жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты.