Оқиға Алматыдағы Punch стендап-клубында болған. Бұл жайлы мәлімдеген Әлия Әлібекованың айтуынша, ол сол кеште жұмысындағы жаңа жылдық кештен кейін осы клубқа барған. Сол жерде оны Саясат Аяпберген зорламақ болған. Оқиға туралы Qaz365.kz жазды.
«Өткен сенбі күні жұмыста жаңа жылдық кеш өтті. Сол жерде ішімдік ішкенім рас. Бірақ оған дейін бір іс-шараға жазылып қойған едім, сондықтан корпоративтен соң сол кешке бардым. Сол жерде өнер көрсетіп жүрген адамдардың бірі мені күштеп әжетханаға кіргізіп, зорламақ болды. Ол жерде бейнебақылау камералары жоқ. Сондықтан дәлелдей алмаймын. Бұл туралы біреуге айтуға қатты ұялдым», – дейді Әлия.
Ол болған жайтты іс-шара ұйымдастырушыларына жеткізген. Алайда, Әлияның сөзінше, олар бұл жағдайға тиісті деңгейде назар аудармаған. Ал Саясат Аяпберген Әлия өзі соған итермеледі деген уәж айтқан.
«Мен бұл туралы тек дүйсенбі күні, тіпті сейсенбіде ғана ұйымдастырушылардың біріне айттым. Ол әлгі өнер көрсеткен адаммен сөйлескен сияқты. Бірақ содан кейін Саясат шұғыл түрде өз қаласына кетіп қалды. Сонымен қатар мені «өзі итермеледі» деп айтты. Бүгін тағы бір ұйымдастырушыға айттым. Алайда маған ешкім сеніп отырған жоқ. Барлығы мені өзі итермеледі деп есептейді. Шынын айтсам, мен мұның болғанын дәлелдей алмаймын. Бұл жағдайды тек мен және сол адам ғана біледі. Бірақ мен өз сөзімнің шын екенін білемін», – дейді ол.
Оқиға қоғамға жария болғаннан кейін Әлия Саясаттың өзіне хабарласқанын айтты.
Оның сөзінше, ер адам онымен және күйеуімен сөйлескісі келетінін жеткізген.
«Қолдау білдіргендердің бәріне рахмет. Бәрін оқып отырмын. Айтайын дегенім – мен видео жазып, оның атын атағанша, ол адам мүлде хабарласпаған. Ал қазір, әрине, ұшып келіп, менімен және күйеуіммен сөйлескісі келіп отыр. Жалпы, ұйымдастырушыларды кінәлай алмаймын. Бұл – сол адамның басындағы жауапкершілік. Бірақ ұйымдастырушылардан мен күткен қолдауды ала алмадым. Керісінше, менің сөзіме күмән келтірілгендей күй кештім», – дейді Әлия.
28 желтоқсанда Әлия Алматы қаласының полициясына зорлауға оқталу дерегі бойынша ресми арыз түсірген.
«Енді істің қалай өрбитінін күтеміз. Бұған дейін бұл туралы айтуға қатты ұялдым. Ал ашық айтып шыққан соң, ең болмағанда бұл қылмыс ретінде тіркелсін деп шештім», – деді ол.
Саясат Аяпберген әзірге ресми мәлімдеме жасамады.