Қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлы Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) ресми шешімінен соң жанкүйерлеріне үндеу жолдады, деп хабарлайды Malim.kz.
WBO орта салмақтағы әлем чемпионына қатысты резолюция қабылдап, мельдонийге байланысты допинг-сынағы оң нәтиже көрсеткеніне қарамастан, қазақстандық спортшыны чемпиондық белбеуден айырмау туралы шешім шығарды.
2026 жылдың 19 ақпанында жарияланған құжатқа сәйкес, Әлімханұлы бір жыл мерзімге дисквалификацияланды. Шеттету уақыты 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап есептеледі. Дәл осы күні ұйым спортшының сынамасы оң нәтиже бергені жөнінде ресми ақпарат алған.
Комитет шешім қабылдау барысында боксшының бұған дейін антидопинг ережелерін бұзбағанын, тергеу кезінде толық ынтымақтастық танытқанын және бұл алғашқы құқықбұзушылық екенін ескерген. Осы жайттар чемпиондық титулды сақтап қалуға негіз болған.
Шешім шыққаннан кейін Жәнібек жанкүйерлеріне алғыс айтып, жақын уақытта шаршы алаңға қайта оралатынын мәлімдеді.
"Аллаға шүкір! WBO чемпиондық белбеуін сақтап қалдық. Желтоқсанда рингке шығамыз. Қолдау білдірген барша жанкүйерге рақмет!" – деді спортшы.
Дисквалификация мерзімі аяқталған соң Әлімханұлы WBO-ның уақытша чемпионымен немесе міндетті үміткермен жекпе-жек өткізуі тиіс. Оған дейін аралық кездесу өткізуге рұқсат етілмейді. Егер ұйым талаптары орындалмаса, чемпиондық белбеу қосымша рәсімсіз кері қайтарылуы мүмкін.
Сонымен қатар, WBO уақытша титул үшін Дензел Бентли мен Эндри Сааведра арасындағы жекпе-жекке келісім бергені белгілі болды.
Айта кету керек, ұйым шешіміне 14 күн ішінде апелляция беру мүмкіндігі қарастырылған.