Алматы – Ақтөбе бағытындағы №033 жолаушылар пойызында 60 жастағы ер адам қайтыс болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Қайғылы оқиға 27 сәуірде болған. Пассажирские перевозки компаниясының мәліметінше, жолда келе жатқан жолаушылардың бірінің жағдайы күрт нашарлаған.
Компанияның хабарлауынша, пойыз бастығы ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
«Сондай-ақ жедел түрде жедел жәрдем бригадасын шақырды. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері жолаушының қайтыс болғанын растады», – делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Өлімнің нақты себебі әзірге нақтыланбаған. Компания марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Сонымен қатар тасымалдаушы вагонның техникалық жағдайына қатысты түсініктеме берді.
«Талапқа сәйкес әр вагон медициналық дәрі қобдишасымен жабдықталған. Кондиционер штаттық режимде жұмыс істеген», – деп хабарлады компания.