15 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда америкалық рэпер Канье Уэстің концерті өтті. Шараға 31 мың көрермен жиналған. Алматы – әртістің Орталық Азиядағы туры аясындағы әзірге жалғыз концерттік алаңы.
Алматы қаласы Туризм басқармасының мәліметінше, концертке 50-ден астам елден шамамен 7700 турист келген. Оның 2 мыңға жуығы концертке арнайы келген шетелдік жанкүйерлер.
13-16 тамыз аралығында Алматыдағы қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындарының орташа толымдылығы 98 пайызға жуықтаған. Туристер ағынының қала экономикасына әкелген әсері шамамен 5 млрд теңге деп бағаланып отыр.
Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітованың айтуынша, Канье Уэстің концерті биылғы оқиғалық туризмдегі маңызды шаралардың біріне айналған. Оның пікірінше, халықаралық деңгейдегі концерттер қаладағы туристік белсенділікті арттырып, Алматының Орталық Азиядағы ірі оқиғалар орталығы ретіндегі позициясын күшейтеді.
Туризм басқармасы әлемдік жұлдыздардың Алматыда өнер көрсетуі шетелдік туристерді тартуға және қаланы халықаралық аудиторияға танытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.