Malim.kz
Оқиға

Алматы облысында жойқын жарылыстан үй қирап, бірнеше адам ауыр жарақат алды

Сабина Асқарқызы
Ашық дереккөзден

Алматы облысындағы Екпінді ауылында жекеменшік үйде жарылыс болды. Қатты жарылыстың салдарынан баспана толықтай қирап, үйінді астында бір әйел мен оның үш ұлы қалып қойған, деп хабарлайды Malim.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Газ компаниясының мәліметінше, жер астындағы құбырдан газ сыртқа шыққаныны туралы жағдай тіркелген. Алайда бұл жағдайдың қайғылы оқиғаға себеп болған-болмағаны әзірге белгісіз болып отыр. Үй иесі Самат Жайылханов жарылыс кезінде аулада болған және оқиғаға куәгер болған. Оның айтуынша, бәрі таңғы сағат бестен аса болған кезде, ұлы шәйнекке су қайнатпақ болып, сіріңке жағып, газды қосқан сәтте күшті жарылыс болған.

Қатты дыбыс пен айғайды естіген ол бірден қираған үйге жүгіріп барған.

«Барлығын өз көзіммен көрдім. Шатыр аспанға ұшып кетті, қабырғалар жан-жаққа шашылды. Сосын өрт шықты. Әйелімнің даусын естіп, көмекке жүгірдім. Ол үйінді астында жатты, қолынан тартып шығардым. Кейін көршілер келіп, балаларды алып шығуға көмектесті. Ең қатты зардап шеккені – екінші ұлым: оның беті, қолы мен аяқтары күйген. Кішісінің де беті күйіп, мұрны сынған», – дейді ол.

Зардап шеккендердің барлығы жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың ауыр күйік, сүйек сынуы және бас-ми жарақаттарын алғанын анықтады. Жағдайлары тұрақты ауыр деп бағалануда.

Ауыл тұрғыны Ерлан Айжановтың айтуынша, жарылыс бүкіл ауылға естілген.

«Көршілердің де терезелері сынған. Бірнеше күннен бері ұйықтай алмаймыз. Үйлеріміз де жарылып кете ме деп қорқамыз. Газ құбырлары үйлерге тым жақын жүргізілген сияқты», – дейді ол.

Газдың ағуы

Оқиғадан кейін «Алматыгазсервис-Холдинг» компаниясы жер астындағы газ құбырында ақау болып, газдың ағуы анықталғанын хабарлады. Алайда бұл жарылысқа нақты себеп болды ма, ол әлі белгісіз.

Компанияның бас инженері Ерлан Күмашевтің айтуынша:

«Біз келген кезде жарылыстың себебі белгісіз болды. Газдың ағуы бар, бірақ нақты қай жерде екенін анықтау қажет болды. Кейін жер астынан көпіршіктер шығып жатқанын байқадық — бұл газ құбырының ағып жатқанын көрсетеді. Дереу апаттық бригаданы шақырып, техникалармен іздеу және оқшаулау жұмыстарын бастадық. Ақау табылып, уақытша жабылды, қазір зақымданған бөлікті ауыстыру жұмыстары жүргізілуде», - деді ол.

Жарылыстың нақты себептері барлық сараптамалар жүргізілгеннен кейін белгілі болмақ. Жарылыстан кейін Жайылхановтар отбасының үйінен тек іргетасы ғана қалған. Қабырғалары мен шатыры толықтай қираған. Ауыл тұрғындары баспанасыз қалған отбасыға көмек көрсету үшін қаражат жинаған. Жергілікті билік өкілдері де қолдау көрсететінін мәлімдеді. Ақсай ауылдық округінің әкімі Бақыт Төреевтің айтуынша:

«Ауыл тұрғындары шамамен екі миллион теңге жинады. Сонымен қатар демеушілермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Мемлекет тарапынан да кепілдендірілген көмек көрсетіледі. Ол үшін зардап шеккендер үш ай ішінде өтініш беруі тиіс. Нақты соманы қазір айта алмаймыз», - деді ол.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары