Malim.kz
Оқиға

Алматыда 29 жастағы жігіт попкорн жеген соң қайтыс болды. Министрлік мәлімдеме жасады

Сабина Асқарқызы
Фото: Pixabay.com

Алматыдағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде 29 жастағы ер адамның кенеттен қайтыс болуына байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұған дейін марқұмның туыстары ер адамның кинотеатрға кірер алдында попкорн сатып алып, оны жеп отырып қақалып қалғанын айтқан болатын. Олардың сөзінше, кейін ол тамағының жыбырлағанын және жүрек тұсының ауырғанын айтып шағымданған. Артынша есінен танып, құлап қалған.

БАҚ-та жарияланған мәліметтерге сәйкес, оқиға куәгерлері жағдайды жүрек талмасы деп ойлап, алғашқы көмек көрсетуге және жүрекке жанама массаж жасауға тырысқан. Алайда ер адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына сілтеме жасап хабарлауынша, 17 мамыр күні сағат 18:13-те «103» қызметіне кинотеатрда шамамен 30 жастағы ер адамның ес-түссіз жатқаны туралы хабарлама түскен. Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына 18:19-да, яғни шақыртудан кейін 6 минут ішінде жеткен.

«Шақырту картасына сәйкес, бригада келген кезде науқаста биологиялық өлім белгілері анықталған: есі жоқ, тыныс алуы байқалмаған, электрокардиограммада асистолия тіркелген, тері жабындары бозғылт-көгілдір түске еніп, мәрмәр тәрізді болған. Қарашықтары кеңейген, жарыққа реакция бермеген. Өлім фактісі тіркелді», – деп хабарлады министрлік.

Мамандардың түсіндіруінше, асистолия – жүректің электрлік белсенділігінің толық тоқтауын білдіретін жағдай. Ал Белоглазов симптомы («мысық көзі» симптомы) биологиялық өлімді анықтауда қолданылатын белгілердің бірі болып саналады.

Оқиғаға байланысты Алматы қаласы Полиция департаменті де пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, Бостандық аудандық полиция басқармасына қарасты бөлім ер адамның өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері мен қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы бақылауда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының толықтығы мен объективтілігі қамтамасыз етілуде», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Сонымен қатар редакция Денсаулық сақтау министрлігінен қоғамдық орындар қызметкерлерін алғашқы медициналық көмек көрсетуге міндетті түрде оқыту мәселесіне қатысты түсініктеме сұрады.

Министрлік мәліметінше, медициналық білімі жоқ азаматтарға алғашқы көмек көрсету тәртібі арнайы нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі. Қазақстанда алғашқы көмек көрсету бойынша оқытудан өтуге міндетті мамандықтар тізімі бекітілген. Олардың қатарында полиция қызметкерлері, әскери қызметшілер, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар, қоғамдық көлік жүргізушілері, күзет ұйымдарының қызметкерлері, білім беру мекемелерінің жұмысшылары және қауіпті өндіріс орындарының қызметкерлері бар.

Алайда министрліктің жауабына сәйкес, сауда-ойын-сауық орталықтарының қызметкерлері мен кинотеатр бақылаушылары бұл міндетті тізімге енгізілмеген.

Қазіргі уақытта ер адамның нақты неден қайтыс болғаны сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары