Алматы қаласының Алатау ауданындағы Томирис шағын ауданында орналасқан әкімшілік ғимаратта шыққан өрт толық сөндірілді, деп хабарлайды Malim.kz.
Өрт туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жоғары дәрежелі шақырту бойынша жедел жетті. Өртті сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін жедел штаб құрылып, адамдардың бар-жоғын анықтау мақсатында барлау жүргізілді.
Сондай-ақ жасырын жану ошақтарын анықтау және жою үшін шатырды ашу жұмыстары атқарылды.
Өрт сөндірушілер негізгі өрт ошағын ауыздықтаумен қатар, жалынның көршілес ғимараттарға таралуына жол бермеу бағытында жұмыс жүргізді. Сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жақын маңдағы барлық қолжетімді ашық су көздері пайдаланылды.
Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде өрт алдымен оқшауланып, кейін толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер туралы ақпарат жарияланған жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.