Malim.kz
MALIMet

Алматыда бір әскери бөлімде бес жұп егіз сарбаз қызмет етіп жүр

• Мадияр Қапанбек
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Алматыдағы Ұлттық ұланның әскери бөлімінде ерекше жағдай тіркелді. Бір бөлімде еліміздің әр өңірінен шақырылған бес жұп егіз сарбаз Отан алдындағы борышын бірге өтеп жүр, деп хабарлайды Malim.kz.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің мәліметінше, 5571 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген егіздердің әрқайсысының өзіндік ерекшелігі мен қызықты тарихы бар. Бірі әскери қызметте ерлігімен көзге түссе, енді бірі өнерге жақын немесе болашақта ұстаз болуды жоспарлап отыр.

Аман мен Есен Байдуллаевтар – Ақтөбе облысынан

Ақтөбеден әскерге шақырылған Аман мен Есен Байдуллаевтардың жасы 19-да. Егіз ағайындылардың дүниеге келген уақытының айырмашылығы небәрі тоғыз минут.

Екеуі де әскери өмірге тез бейімделіп, қызмет барысында өздерін жақсы қырынан көрсете білген. Атап айтқанда, сарбаздар жауынгерлік қызмет кезінде есірткі заттарын тасымалдаған азаматты ұстау операциясына қатысқан.

Нұртөре мен Жантөре Нұрылда – Қызылордадан

Қызылорда облысынан шақырылған Нұртөре мен Жантөре Нұрылданың жасы 20-да. Егіздер отбасындағы кенже ұлдар.

Бір-біріне қатты ұқсайтын ағайындылар мамандық таңдауда екі түрлі бағытты жөн көрген. Нұртөре дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерсе, Жантөре фельдшер дипломын алған.

Қазір олар бір әскери бөлімде қызмет етіп, Отан алдындағы борышын бірге өтеп жүр.

Аман мен Есен Сапаралылар – Түркістан облысынан

Бөлімдегі тағы бір егіз жұп – Түркістан облысынан келген Аман мен Есен Сапаралылар.

Ерекшелігі сол, екі сарбаз да өнерге жақын. Олар қазақтың халық әндері мен термелерін орындағанды ұнатады.

Егіздердің өнерге деген қызығушылығы әкелерінен дарыған. Сонымен қатар олардың отбасында егіздердің дүниеге келуі таңсық емес. Сарбаздардың әкесінің де егіз інілері бар.

Нұрасыл мен Ерасыл Иашовтар – Тараз қаласынан

Тараздық Нұрасыл мен Ерасыл Иашовтар да 19 жаста. Олар мектепті аяқтағаннан кейін көп ұзамай әскери қызметке аттанған.

Қазіргі уақытта егіздер полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу шараларына қатысып жүр.

Сонымен қатар ағайындылар "Сарбаз 2.0" білім беру бағдарламасына қатысуға өтініш берген. Аталған жоба мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген жастарға тегін білім алуға мүмкіндік береді.

Алмас пен Олжас Әбдуәлиевтер – Кентау қаласынан

Кентаудан шақырылған Алмас пен Олжас Әбдуәлиевтердің жасы 19-да.

Егіздер әскерге дейін Шымкент қаласындағы «Мирас» университетінде «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» мамандығы бойынша білім алған.

Олар болашақта ұстаз болып, мектеп оқушыларына әскери дайындықтың қыр-сырын үйретуді жоспарлап отыр.

Бір қызығы, Алмас пен Олжастың отбасында тағы бір жұп егіз бар.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары