Алматыда креативті индустриялар мен технология саласындағы жобаларды қолдауға бағытталған Creative Shift акселерациялық бағдарламасының өңірлік кезеңі басталды. Бір аптаға созылатын буткемпке 150 қатысушы жиналған, деп хабарлайды Malim.kz.
Бағдарлама кәсіпкерлерге, креаторлар мен шығармашылық командаларға өз жобаларын дамытуға көмектесетін практикалық құралдарды меңгеруге мүмкіндік береді. Қатысушылар бизнес-модельдерін жетілдіріп, бренд айдентикасын дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, өнімді нарыққа шығару және инвестиция тарту тәсілдерін үйренеді.
Осындай өңірлік буткемптер Астана мен Шымкент қалаларында да ұйымдастырылады. Іріктеуден сәтті өткен қатысушылар кейін Астанада өтетін жеті күндік офлайн менторлық бағдарламаға қатысып, жобаларын әрі қарай жетілдіреді.
Creative Shift акселерациялық бағдарламасын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қоры ұйымдастырған.
Бағдарлама төрт негізгі бағытты қамтиды: аудиовизуалды өнер, музыка және сахна, бейнелеу және қолданбалы өнер, сондай-ақ әдебиет, медиа және жасанды интеллект.