12-17 мамыр аралығында Алматы қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан кубогы өтеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Аталған бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен 800-ден астам балуан жүлдеге таласады.
Бұл турнирге халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген спортшылар да қатысады. Бәсекенің негізгі мақсаты - алда өтетін ірі халықаралық додаларға ұлттық құраманы жасақтау, - деп жазылған ҰОК таратқан хабарламада.
Алғашқы медальдар грек-рим күресінде сарапқа салынады. Одан кейін жарыс жолына әйелдер шығады. Турнирді еркін күрес балуандары аяқтайды.
Айта кететін жайт, сәуір айында Қазақстан балуандары Бішкекте өткен Азия біріншілігінде бақ сынаған болатын. Аталған ел кубогында топ жарған балуандар Жапонияда өтетін Жазғы Азия ойындарында бақ сынайтыны бұған дейін айтылған еді.