Malim.kz
Құқық

Алматыда мектеп түлектерінің автокортежі тоқтатылды

Айбын Атабай
Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Алматы қаласында соңғы қоңырау мерекесіне арналған салтанатты іс-шаралар қарсаңында мектеп түлектерінің қатысуымен ұйымдастырылған автокортеж тоқтатылды.

Бұған дейін мұндай шараларды өткізуге тыйым салынғаны жөнінде тұрғындарға бірнеше мәрте түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, мектеп түлектерінің бір тобы қала көшелерімен автокөліктер колоннасын ұйымдастырып, жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзған.

Қабылданған шаралар нәтижесінде кәмелетке толмаған 21 жасөспірімнің ата-анасы балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу деректері бойынша 5 әкімшілік хаттама толтырды. Автокөліктер арнайы айыппұл тұрағына қойылды.

«Алматы полициясы автокортеж ұйымдастыруға, әсіресе оған кәмелетке толмағандардың қатысуына жол берілмейтіні туралы алдын ала ескерткен болатын. Соған қарамастан кейбір азаматтар заң талаптарын елемеді. Осындай әрбір дерек бойынша полиция қағидатты түрде әрекет ететінін атап өткім келеді. Мерекелік көңіл-күй қоғамдық тәртіпті бұзуға және өзгенің қауіпсіздігіне қатер төндіруге себеп болмауы тиіс», — деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.

Полиция өкілдері соңғы қоңырау күні және одан кейінгі кезеңде қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілетінін еске салды. Әсіресе түлектердің қатысуымен болатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылмақ.

Алматы полициясы ата-аналар мен мектеп түлектерін мерекеге жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын сақтауға және өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары