Алматыда Абылай даңғылы бойындағы 16 қабатты тұрғын үйдің тоғызыншы қабатындағы пәтерден өрт шықты. Бостандық ауданындағы үйде жиһаз жанған, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері шақырту деңгейі жоғары тәртіппен жетті. Кіреберісті қою түтін басқан. Құтқарушылар жедел штаб құрып, газ-түтіннен қорғау қызметінің буындарын тұрғындарды эвакуациялауға жұмылдырды. Сонымен қатар өрт сөндіру автосатысы орнатылды.
Мамандардың мәліметінше, түтін басқан аймақтан баспалдақ арқылы 42 адам шығарылды. Тағы 85 тұрғын, оның ішінде төрт бала, арнайы құтқару қалпақтары арқылы қауіпсіз жерге жеткізілді.
Өрт жедел түрде сөндірілді. Зардап шеккендер туралы ақпарат 112 қызметіне түскен жоқ.