Malim.kz
Оқиға

Алматыда пышақ пен граната алып жүрген ер адам ұсталды

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

Алматыда полицейлер жанынан пышақ пен оқу гранатасы табылған ер адамды ұстады, деп хабарлайды Malim.kz.

Алматы қаласында Райымбек даңғылы бойында полиция қызметкерлері күдік тудырған ер адамды ұстады.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ер адамның барсеткасын тексеру барысында пышақ пен гранатаға ұқсас зат табылған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен саперлер шақырылды.

Тексеру нәтижесінде табылған гранатаның оқу-жаттығу мақсатындағы бұйым екені анықталып, оның ешқандай қауіп төндірмейтіні белгілі болды.

Полицияның хабарлауынша, ұсталған азаматтың айтуынша, ол аталған заттарды бұған дейін тауып алған, ал пышақты тұрмыстық қажеттілік үшін өзімен бірге алып жүрген.

«Аталған мәліметтердің барлығы тексерілуде», – деп хабарлады полиция өкілдері.

Сондай-ақ ер адамның бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталған.

Алматы полициясы азаматтарды өздерімен бірге қауіп төндіруі мүмкін заттарды алып жүрмеуге және қару-жарақ немесе оқ-дәріге ұқсас күмәнді заттарды байқаса, дереу 102 нөміріне хабарлауға шақырды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары