Malim.kz
Спорт

Алматыда «Қайрат» пен «Ақтөбе» матчы өтеді: полиция қауіпсіздік шараларын күшейтті

Арман Қайыпхан
Фото: gov.kz

Бүгін, 2026 жылғы 16 наурызда Алматыда қазақстандық «Қайрат» пен «Ақтөбе» клубтары арасында футбол матчы өтеді, деп хабарлайды Malim.kz

Ойынға байланысты қала полициясы стадион аумағында және оған іргелес жерлерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтті.

Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Қабдулдиновтың айтуынша, матч барысында қоғамдық тәртіп қатаң бақылауда болады.

«Матч өтетін күні стадион мен оған жақын аумақта қауіпсіздік шаралары барынша күшейтіледі. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосымша полиция күштері жұмылдырылады. Матч өтетін аумақ тұрақты бақылауда болады», – деді ол.

Сондай-ақ департамент басшысы жанкүйерлерді стадиондағы тәртіп ережелерін сақтауға шақырды.

«Футбол – эмоция, қолдау және өз командаңа деген адалдық. Алайда баршаға ортақ бір қағида бар: заң мен қоғамдық тәртіп кез келген эмоциядан жоғары», – деп атап өтті Айдын Қабдулдинов.

Полиция қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған кез келген әрекетке дереу тосқауыл қойылатынын ескертті.

«Агрессия, арандату, қорлау, бейәдеп сөздер, бұзақылық әрекеттер, сондай-ақ тыйым салынған заттарды пайдалану – мүлде жол берілмейтін әрекеттер. Мұндай жағдайларда полицияның реакциясы жедел болады. Құқық бұзушылар анықталып, әрбір дерекке құқықтық баға беріледі», – деді Алматы полициясының басшысы.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, стадион қақпасы матч басталардан үш сағат бұрын, сағат 16:00-де ашылады. Жанкүйерлерге тексеруден кедергісіз өтіп, кезекке тап болмас үшін ертерек келу ұсынылады.

Стадионға үш жақтан кіруге болады:
– Абай даңғылы жағынан;
– Сәтбаев көшесі жағынан;
– Байтұрсынов көшесі жағынан.

«Ақтөбе» клубының жанкүйерлеріне 24, 25, 26, 27 және 28-секторлар арнайы бөлінген. Оларға билеттерді тек осы орындарға сатып алу ұсынылады. Басқа секторлардан билет алған жағдайда стадионның қауіпсіздік қызметі мен әкімшілігі тәртіп бұзушыларды аренадан шығару құқығын өзіне қалдырады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары