Malim.kz
Құқық

Алматыда қасқырдың мүшелерін сатып жатыр

Алуа Әшірбекова
Фото: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Алматыда қасқырдың терісі, тырнағы мен азуынан бөлек, аналық жатыры да сатылып жатқаны белгілі болды. Ерекше тауарды сатушылар оны түрлі мақсатта қолданылатын тұмар ретінде жарнамалайды, деп хабарлайды Malim.kz.

Halyqstan мәліметінше, жарнамадағы дауыс қасқырдың кептірілген жатыры кәсіпкерлерге, жүргізушілерге «жол ашады», сәтсіздіктен қорғайды деп сипаттайды. Тіпті оның бедеулікке көмектесетіні де айтылады. Сатушының сөзінше, тұмарды үнемі өзімен бірге алып жүру керек, алайда оны өзге адамдарға көрсетуге болмайды. Ол үшін арнайы шағын қап та беріледі.

Сондай-ақ сатушы "әсер етуі" үшін қасқырдың жатыры зақымданбаған, тістелмеген және тырналмаған болуы керек деп мәлімдейді. Оны алдын ала тұздап, кептіреді.

Тауар Қазақстанның өзге қалаларына ғана емес, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстанға да жеткізілетіні айтылған.

Қазақстанда қасқыр саны реттелуге жататын жануар түрлерінің қатарына кіреді. Мұндай шара халықтың денсаулығын қорғау, қоршаған ортаға және ауыл шаруашылығына келуі мүмкін залалдың алдын алу мақсатында жүргізіледі.

2026 жылдың қаңтарынан бастап елде қасқыр санын реттеудің тәртібі мен шарттары ресми түрде бекітілген. Жануарды табиғи ортадан алу тек арнайы рұқсат негізінде жүзеге асырылуы тиіс.

Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Ұлытау облыстарында мұндай рұқсат қасқырдың үй жануарларына шабуыл жасағаны расталған жағдайда ғана беріледі. Рұқсат алу рәсімі арнайы веб-портал арқылы жүргізіледі.

Ал жануарларды рұқсатсыз аулау әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Алматы бұл қосымша шектеулер енгізілген өңірлер қатарына кірмейді. Дегенмен мегаполисте сатылымға шығарылған қасқыр мүшелерінің қайдан алынғаны және мұндай сауданың заң талаптарына қаншалықты сәйкес келетіні әзірге белгісіз.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары