Malim.kz
Құқық

Алматыда қыздың кеудесін ұстаған курьер қамауға алынды

Айбын Атабай
видеодан скриншот

Алматыда сот қызға тиісті деген курьерді кінәлі деп таныды. Ер адам "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, - деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеп.  

Полиция департаменті мен Алматы қалалық сотының мәліметінше, ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот оның әрекетін ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы – "Ұсақ бұзақылық" бойынша саралаған. 

Ер адам кінәлі деп танылып, оған 7 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалған.

Жәбірленуші курьерді жыныстық сипаттағы әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап еткенімен, іс әкімшілік өндіріс аясында қаралған.

Оқиға 14 ақпанда болған. Жәбірленуші Дарьяның айтуынша, курьер оған шамамен сағат 20:40-та гүл жеткізген. Тапсырыс ауыр болғандықтан, қыз ер адамнан гүл себетін дәліздегі еденге қойып беруін сұраған.

Оның сөзінше, курьер пәтерге кіріп, гүлді қойғаннан кейін халатынан ұстап, ашып жіберіп, кеудесіне қол тигізген. Дарья қатты шошып, ер адамды пәтерден қуып шыққанын және есікті әрең жапқанын айтқан.

Кейін қыз оған хат жазған. Ал жауап ретінде ол боқауыз сөз айтып, "қолыңнан түк келмейді" деген.

Қыз оқиғадан кейін бірден полиция шақырып, арыз жазған. Кейін ер адамның InDrive сервисінде жұмыс істегені анықталған. Компания өкілдері курьердің аккаунты бұғатталғанын мәлімдеді.  

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары