Malim.kz
MALIMet

Алматыда су және электр желілері жаңғыртылып жатыр

Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Алматыда инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл қалада су құбыры мен электр желілерінің жүздеген шақырымын қайта жаңғырту көзделген. Жобалар "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып, желілердің тозуын азайтуға және коммуналдық қызметтердің тұрақтылығын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Malim.kz. 

Ұлттық жоба аясында Алматыдағы ірі қатысушылардың бірі - "Алатау Жарық Компаниясы". 2026 жылы кәсіпорын электр желілік инфрақұрылымды жаңғыртуға 9,7 млрд теңге бағыттайды. Жоспар бойынша 361 шақырым электр желісі мен 3,3 мыңнан астам жабдық жаңартылады. Нәтижесінде компания инфрақұрылымының тозу деңгейін шамамен 5 пайызға төмендету көзделген

Электр және коммуналдық желілерді жаңғырту туралы ресми мәлімет

Электр желілерін жаңарту жекелеген аудандарда да жүріп жатыр. Мәселен, Алмалы ауданында 2026 жылы "Алатау Жарық Компаниясы" 22 учаскедегі 93,3 шақырым электр желісін қайта жаңғыртуды жоспарлаған. Сонымен бірге Бостандық, Наурызбай, Алатау және Медеу аудандарындағы желілерді жаңарту, жаңа қосалқы станциялар мен тарату пункттерін салу көзделген.

Қыркүйекте электр инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты бірқатар нақты жобалар бойынша құжаттар да жарияланды. Атап айтқанда, Алмалы ауданындағы 10 кВ кабель желілерін қайта құру, Бостандық ауданындағы электр желілерін жаңарту және ЖЭО-1-ден тарайтын кабельдік желілерді қайта жаңғырту жобалары бойынша материалдар жарияланған.

Сумен жабдықтау саласында да ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр. «Алматы Су» кәсіпорны алдағы кезеңде 60 шақырым су құбыры желісін қайта жаңғыртуды көздейді. Бұл жұмыстар сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттырып, апат қаупін азайтуға бағытталған

Қаланың жекелеген бөліктерінде жаңа желілерді тарту жұмыстары да аяқталып келеді. Мәселен, Наурызбай ауданындағы Таусамалы шағынауданында 6 шақырым су құбыры мен кәріз желісі салынған. Жоба бірнеше жүз үйді орталықтандырылған су және кәріз жүйесіне қосуға мүмкіндік береді. 

Таусамалыдағы су және кәріз желілері туралы

Жалпы Алматының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарында жыл сайын су бұру желілерінің кемінде 10 шақырымын, 300 шақырымнан астам электр желісін және ондаған шақырым жылу желісін жаңарту көзделген. 2026 жылдың соңына дейін қала тұрғындарын орталықтандырылған сумен 100 пайыз қамту міндеті де қойылған. 

Инженерлік желілерді жаңғыртудың негізгі мақсаты - ескі инфрақұрылымның тозуын біртіндеп азайтып, қала тұрғындарын сумен және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету. Ұлттық жоба аясындағы пилоттық жұмыстар нәтижесінде Алматыдағы инженерлік инфрақұрылымның жалпы тозу деңгейін 6,1 пайызға төмендету күтіледі

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары