Malim.kz
Оқиға

Алматыда «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығы ашылды

Сабина Асқарқызы
Ғылым және жоғары білім министрлігі

Алматыда ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының құрамында, «Тұран» университеті базасында «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Орталықтың негізгі мақсаты – халықаралық зерттеу хабын қалыптастыру және көпдеңгейлі ғылыми желі құруға бағытталған. Бұл бастама ел ішіндегі ғылыми ұйымдар мен университеттерді ғана емес, халықаралық академиялық кеңістікті де біріктірмек. 

Салтанатты жиында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева орталықтың ашылуы отандық гуманитарлық ғылымның жаңа кезеңін айқындайтын маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, жоба алғаш рет 2025 жылдың желтоқсанында ұсынылып, қысқа уақыт ішінде халықаралық деңгейдегі зерттеу орталығына айналды.

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев орталықтың жұмысы үш деңгейлі модельге негізделетінін жеткізді. Атап айтқанда, академия жанындағы ғылыми хаб, ел ішіндегі ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарын біріктіретін ұлттық желі, сондай-ақ шетелдерде ашылатын «Тұран орталықтары» мен «Тұран кафедралары» құрылмақ.

Сонымен қатар «Turan Civilization Digital Atlas» платформасы, цифрлық архивтер мен жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылып, GIS, жасанды интеллект және интерактивті картография секілді заманауи технологиялар гуманитарлық зерттеулерге енгізіледі. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл орталықтың құрылуы Ұлы даланы тұтас өркениеттік кеңістік ретінде ғылыми тұрғыдан зерттеуге және Орталық Еуразияның тарихи-мәдени мұрасын жаңаша пайымдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Іс-шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркия елдерінің дипломатиялық өкілдері, халықаралық ұйымдар, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары, академиктер мен сарапшылар қатысты.

Жиын барысында Ұлы даланы өркениеттік аймақ ретінде пәнаралық тұрғыдан зерттеу мәселелері талқыланып, тарихи жадыны цифрландыру, ғылым мен білімді ықпалдастыру бағыттары қарастырылды. 

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары