Алматыда әл-Фараби даңғылында үш көлік соқтығысып, олардың бірі отқа оранды. Осының салдарынан қалада ұзын-сонар кептеліс пайда болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Куәгерлер әлеуметтік желілерде апат болған жерде түсірілген видеоларды жариялап, қозғалыстың тоқтап тұрғанын айтып шағымданды.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, апат 07:00 шамасында Бостандық ауданында болған. Алдын ала деректер бойынша, Toyota автокөлігінің жүргізушісі әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта жүріп келе жатып, Жароков көшесінен шығысқа қарай қарсы жолаққа шығып кетіп, шығысқа қарай бағыт алған Lexus автомобилімен соқтығысқан.
Жол апатына түсіп, тоқтап тұрған Lexus көлігіне әл-Фарабимен шығысқа қарай жүріп келе жатқан Hyundai соғылған. Салдарынан Toyota көлігі өртеніп кеткен.
Жол апатынан Toyota жүргізушісі мен жолаушысы, сондай-ақ Lexus жүргізушісі жарақат алды. Бостандық ауданының полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Алматы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 25 қарашада сағат 07:00-де оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жіберілген. Toyota Sienna көлігіндегі өрт 07:11-де сөндірілді.