Malim.kz
MALIMet

Алматыда жаңа өндірістер мен өнеркәсіптік парктер көбейіп келеді

Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Алматыда өңдеу өнеркәсібін дамыту, отандық өндірістің үлесін арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бағытында бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Биыл қаланың Индустриялық аймағында 11 жаңа жобаны іске қосу және бес шағын өнеркәсіптік парк ашу жоспарланған, деп хабарлайды Malim.kz. 

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың соңына дейін Индустриялық аймақта жалпы құны 12,6 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба іске қосылады. Жаңа өндірістердің нәтижесінде 691 жұмыс орны құрылмақ. Оның алтауы өнеркәсіп секторына тиесілі

Жаңа кәсіпорындар бірнеше бағытты қамтиды. Индустриялық аймақта жылу және сумен жабдықтау жүйелеріне арналған жабдықтар өндірісін кеңейту, парақ ПВХ шығаратын кәсіпорын, газоблоктар мен ALC-панельдер өндіретін зауыт, тұрмыстық қағаз өнімдерін шығаратын өндіріс және металл жол-көпір конструкцияларын жасайтын кәсіпорын іске қосылмақ. Сонымен қатар Euro Truck Service логистикалық кешенін салу жоспарланған.

Индустриялық аймақ директоры Ерлан Жайлаубайдың айтуынша, құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау, көлік-логистика, химия өнеркәсібі, қалдықтарды қайта өңдеу және күнделікті тұтынатын тауарлар шығару сияқты бағыттар қаланың өндірістік экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Мұндай жобалар импорттық өнімдерге тәуелділікті азайтып, ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін арттыруға бағытталған. Сонымен бірге ірі өндірістердің дамуы оларға қажетті қосалқы кәсіпорындардың пайда болуына жол ашады. Мәселен, автомобиль жасау саласының кеңеюі автокомпоненттер өндірісіне, ал құрылыс көлемінің өсуі отандық құрылыс материалдарына деген сұранысқа серпін береді.

Шағын және орта бизнесті өндіріс саласына тартуға да көңіл бөлініп отыр. Биыл Алматыда жалпы аумағы 22 мың шаршы метрден асатын бес шағын өнеркәсіптік парк ашу жоспарланған. Бұл жобалар 400-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға және шағын өндірістерге дайын инфрақұрылымы бар алаң ұсынуға мүмкіндік бермек. Осы жобалар туралы BAQ.KZ - те жазды

Индустриялық аймақтың аумағын ұлғайту да жоспарланып отыр. Алматы әкімдігі оның дамуының үшінші кезеңін пысықтауда. Жоспар бойынша өндірістік аумақ тағы 376 гектарға кеңеймек. Қазір оның 323 гектары сатып алынған.

Жаңа аумаққа жоғары технологиялы кәсіпорындарды орналастыру, инвесторлар тарту және қосымша жұмыс орындарын ашу көзделген. Болашақта машина жасау, электроника және химия өнеркәсібін дамыту, жаңа буындағы құрылыс материалдарын шығару, логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу негізгі бағыттардың бірі болмақ.

Алматыдағы өнеркәсіптік жобалар қаланың жалпы экономикалық дамуымен де сабақтас. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының "Алматы ақшамы" газетінде жарияланған мақаласында Алматы экономикасының көлемі 72 млрд АҚШ долларына жуықтайтыны, ал қалаға Қазақстандағы тікелей шетелдік инвестицияның 40 пайыздан астамы тиесілі екені айтылған

Индустриялық аймақтың кеңеюі мен жаңа кәсіпорындардың ашылуы Алматы экономикасында өңдеу өнеркәсібінің орнын күшейтуге бағытталған. Жаңа өндірістік парктер шағын және орта бизнестің өндіріс саласына кіруіне мүмкіндік берсе, ірі инвестициялық жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, қалада шығарылатын отандық өнім көлемін ұлғайтуға жол ашады.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары