Қазақстанның құқық қорғау органдарынан бой тасалап жүрген шетел азаматы Вьетнамнан елімізге экстрадицияланды. Арнайы операцияны Бас прокуратура мен ІІМ-нің Интерпол Ұлттық орталық бюросы Вьетнамдағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен жүзеге асырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті 2022-2023 жылдары сыбайласымен бірге Алматы қаласында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған. Олар қылмыстық әрекеттерінің арқасында 12 миллион теңгеден астам заңсыз пайда тапқан.
Сыбайластардың бірі бұған дейін қылмыстық жауапқа тартылса, екіншісі шетелге қашып, оған халықаралық іздеу жарияланған болатын.
Күдікті ақпан айында Вьетнам аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауымен Қазақстанға қайтарылды.
Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды. Айып тағылған қылмыс түрі бойынша күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.