Алматыдағы Бостандық ауданындағы аялдамада зейнеткер әйелді ер адам аямай ұрып-соғып, басынан тепкілеген, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айуандық әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бейнежазбадан көрінгендей, егде жастағы әйел аялдаманың орындығына сөмкелерін қойып, автобус күтіп тұрған. Сол сәтте қасында тұрған жас жігіт айналасында адамдардың жоқтығын пайдаланып, кенеттен әйелге тап берген. Ол зейнеткерді жерге құлатып, соққының астына алған. Жәбірленуші мен қаскөйдің арасында ешқандай сөзге келу немесе жанжал болмағаны байқалады.
Жапа шеккен әйелдің қызы әлеуметтік желі арқылы жұртшылықтан көмек сұрап, видеоны жариялады.
«Бүгін 66 жастағы анама белгісіз жігіт шабуыл жасады. Қазір анамның жағдайы ауыр, қатты қиналып жатыр. Бұл адам жазасыз қалмауы керек, видеоны таратуға көмектесіңіздер. Бүгін менің анамның басына түскен жағдай кез келген адамның басына түсуі мүмкін», - деп жазды ол.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, күдіктіні ауданда жиі көреді. Кейбір азаматтар оның психикалық ауруы болуы мүмкін деген болжам жасаған. Әлеуметтік желідегі мәлімет бойынша, 26 жастағы күдіктінің бұрын адам өлтіріп, түрмеге түскені айтылып жатыр.
Полиция бұл іс бойынша «бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалғанын атап өтті.