Malim.kz
Денсаулық

Алматыдағы мектептердің бірі уақытша жабылды: 47 оқушы ауруханаға түсті

• Мадияр Қапанбек
Аурухана. Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыдағы Республикалық физика-математикалық мектептің 47 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Осы жағдайдан кейін мектеп, интернат және асхана жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Оқиға туралы алғаш әлеуметтік желі қолданушыларының бірі хабарлаған. Оның сөзінше, мектептің бірнеше оқушысы денсаулығының нашарлауына байланысты ауруханаға жеткізілген.

Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бұл ақпаратты растады.

Медициналық мекеменің мәліметінше, 12 және 13 қазанда РФММ-нің 47 оқушысы жіті ішек инфекциясына тән белгілермен ауруханаға түскен.

"Қазіргі уақытта олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында. Мектеп интернатында тұратын тағы 8 бала оқшауланып, медициналық бақылауға алынды", – деп хабарлады аурухана өкілдері.

Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық қызмет департаментінің қаулысымен мектеп, интернат және асхана қызметі уақытша тоқтатылған.

Мамандар қазір тексеру жүргізіп, зертханалық зерттеулер үшін қажетті сынамаларды алған.

Оқушылардың нақты неден ауырғаны зерттеу қорытындысынан кейін белгілі болады.

Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары