Malim.kz
Шоу-бизнес

"Алтынайдан" "16 қызға" дейін: қазақтың ескі әндері TikTok-та қалай қайта танылды?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

Бір кезде "Тамашада" шырқалған "Алтынайды" көрермен қазір TikTok-тан іздейді. Бейбіт Қорғанның "Шоқ қыздары" Үндістанда "Nah na ney" деген атпен тараса, "Дос-Мұқасан" орындаған "16 қыздың" үзіндісіне жастар жаңа би ойлап тапты. Malim.kz бұрыннан таныс қазақ әндерінің жаңа тыңдарманға қалай жеткеніне шолу жасады.

"Алтынай": Ошта туған әнді кино көрермені қайта іздеді

"Алтынай" 1991 жылы Қырғызстанның Ош қаласында өткен Құрманжан датқаның 180 жылдық мерейтойынан кейін дүниеге келген. Сол жиында ақын Ханбибі Есенқараеваны Алтынай Сүлейменова есімді кәсіпкер әйел қарсы алып, қонақ еткен. Бірнеше күнде жақын араласып кеткен екі әйелдің қоштасуы ақынға өлең жазуға түрткі болады. Кейін сол өлеңге Құралай Сәтмұхамбетова әуен жазған.

El.kz дерегінше, әнді алғаш Рамазан Стамғазиев орындаған. Кейін "Алтынай" Ұлықпан Жолдасовтың орындауында кең тарады. Әнші 1997 жылы "Тамаша" бағдарламасында шырқағаннан кейін туындыны бүкіл Қазақстан тани бастағанын айтқан.

2026 жылы оқиғасы 1992 жылы өтетін "ЗаманBack 2" фильмінде ән қайта жаңғырды. Саундтрек нұсқасын Серік Ибрагимов пен Ұлықпан Жолдасов бірге орындады. Фильм шыққаннан кейін TikTok-та "Алтынайды" іздеп, тыңдайтындар көбейген.

"Шоқ қыздар": мотоциклші түсірген роликтен мыңдаған видеоға дейін

Бейбіт Қорғанның "Шоқ қыздары" 2000-жылдары Қазақстанда хит болды. 2020 жылы ән Үндістандағы TikTok қолданушылары арасында қайта тарады. Сол кездегі алғашқы роликтердің бірінде Мұхаммед Рошан осы әнді қосып, мотоциклмен түрлі трюк көрсеткен. Кейін бірі әнге билесе, енді бірі қазақша сөздерін қайталап, өз видеосын түсірген.

Үндістандық қолданушылар әнді қайырмасына қарап "Nah na ney" деп атап кеткен. Liter.kz 2020 жылғы қарашада осы әуенге түсірілген 25 мыңнан астам TikTok видеосы болғанын жазды.

"16 қыз": "Дос-Мұқасанның" даусы жаңа тректе естілді

"16 қызды" кезінде Ғарифолла Құрманғалиев елге кеңінен танытқан. Кейін әнді Әскербек Еңкебаев, Дауыл Хайруллин және "Дос-Мұқасан" ансамблі өз мәнерінде орындаған. 2025 жылы Yenlik пен Аль Nasr "Дос-Мұқасанның" жазбасынан үзінді алып, оны "16 Qyz" трегіне қосқан.

TikTok-та қолданушылар жаңа трекке "Қайнар бұлақ" сияқты қазақ билерінің қимылдарын қосып, оны заманауи қозғалыстармен араластырды. Tengri Life дерегінше, бірнеше күннің ішінде осы әуенге жүздеген видео жарияланған.

"Сен маған массың": қазақтың той әніне Қытайда жаттығу жасады

Рахымжан Жақайым "Сен маған массың" әнін 2020 жылы шығарған. Бес жылдан соң Қазақстанда тойларда жиі қойылған ән Қытай мен Вьетнамдағы қысқа видеоларда тарай бастады. Бірі әнге билеп ролик түсірсе, кейбір видеоларда адамдар оның ырғағымен таңғы жаттығу жасап жүр. Әннің үзінділері Douyin, TikTok және YouTube Shorts-та жарияланған.

"Жүгіріп шықтым белеске": халық әні тележобадан ремикске жетті

2025 жылы қытайлық әнші Чжан Хэсуань Silk Way Star жобасында "Жүгіріп шықтым белеске" халық әнін қазақша орындады. Оны көрген дыбыс маманы Бақытжан Быхин әншінің орындауын өңдеп, әлеуметтік желіге лайық қысқа нұсқа жасаған. Осыдан кейін ол жобаның өзге қатысушылары орындаған қазақша әндерге де ремикс жасай бастаған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары