Malim.kz
Құқық

Аптап ыстық, шаңды дауыл мен найзағай: 12 шілдеге арналған ауа райы болжамы

Арман Қайыпхан
Фото: magnific.com

«Қазгидромет» 2026 жылғы 12 шілдеге арналған дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Синоптиктер Астана, Шымкент қалаларында және Қазақстанның барлық 17 облысында қауіпті ауа райы құбылыстары болатынын ескертті.

Еліміздің бірқатар өңірлерінде найзағай, қатты жел, шаңды дауыл, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні кей жерлерде 23–28 м/с-қа дейін жетеді. Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында шаңды дауыл соқса, Батыс Қазақстан мен Қостанай облыстарында жаңбыр, найзағай және бұршақ жаууы мүмкін.

Астанада күндіз аптап ыстық сақталып, ауа температурасы +35…+37 градусқа дейін көтеріледі. Ал Батыс Қазақстан облысында 12–15 шілде аралығында күндіз +35…+38 градусқа дейін қатты ыстық болады.

Синоптиктер өрт қаупіне де ерекше назар аударды. Көптеген өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Оның ішінде Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Жамбыл, Ақмола және өзге де облыстар бар.

Сонымен қатар Атырау, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін. Жетісу облысындағы Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні күндіз 23–28 м/с-қа дейін күшейеді.

Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға, өрт қаупі жоғары аймақтарда ашық от жақпауға және жолға шығар алдында ауа райы болжамын ескеруге шақырды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары