Malim.kz
Оқиға

Ақбаян Мұқағалиеваның төрт адамның өліміне қатысы жоқ екенін анықталды

Сабина Асқарқызы
Ашық дереккөзден

Атырау облысындағы Жаңгелдин ауылында бір отбасының қаза табуына қатысты істе Ақбаян Мұқағалиеванің қылмысқа қатысы жоқ екені анықталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Ақбаян Мұқағалиева 4 адамды өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы, сондай-ақ қаза болғандардың қызы және қарындасы.

Жандар Болатбектің айтуынша, Ақбаян Мұқағалиева тарапынан адам өлтіруге қатысты құқық бұзушылық анықталмаған көрінеді. 

«Ол адам өлтіру дерегіне қатыспағандықтан, оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Ал қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс тіркелді. Дегенмен оған әлі құқықтық баға берілген жоқ. Ақбаян Мұқағалиева бұл іс бойынша күдікті ретінде танылмайды. Оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ», - деді прокурор көмекшісі.

Прокурордың сөзінше, оның психикалық жағдайына байланысты Алматы қаласында психиатриялық сараптама жүргізілген. Алайда сараптама қорытындысы әзірге прокуратураға түспеген екен. 

«Сараптама қорытындысы дайын деген ақпарат бар. Бірақ бізге әлі келіп түскен жоқ. Қорытынды келген соң зерттеледі. Қажет болған жағдайда қосымша сараптама тағайындалады», – деді Жандар Болатбек.

Осылайша, Ақбаян Мұқағалиеваның әрекетіне құқықтық баға оның психикалық жағдайы толық анықталғаннан кейін беріледі.

Соңғы мәлімет бойынша, Ақбаян Мұқағалиева Алматыдан Атырауға оралып, облыстық психиатриялық орталықта ем қабылдап жатыр.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары