Malim.kz
Оқиға

Ақмола облысындағы лагерьде балалар жаппай уланып қалды

Айбын Атабай
Фото: Pixabay

Ақмола облысында жыл бойы жұмыс істейтін тілдік лагерьде демалған балалар тамақтан уланып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Malim.kz

Оқиға 1 шілде күні болған. Сол күні облыстық көпсалалы балалар ауруханасына тағамнан улану белгілері байқалған төрт қыз жеткізілген. Балалар жыл бойы жұмыс істейтін тілдік лагерьде демалып жүрген. Балаларда құсу, дене қызуының көтерілуі және іш өту белгілері байқалған.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, алдымен Біржан сал аудандық ауруханасына алты бала жеткізілген. Дәрігерлер тексергеннен кейін олардың екеуі амбулаториялық ем алуға жіберілген. Ал төрт қыздың екеуі 8 жаста, екеуі 12 жаста – жұқпалы аурулар бөліміне ауруханаға жатқызылған.

"Қазіргі уақытта барлық пациенттің жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Олар өздерін бұрынғыдан жақсы сезінеді", – деді ведомство. 

Дәрігерлер қазір бактериологиялық зерттеу нәтижелерін күтіп отыр. Балалардың жағдайы жақсарған сайын олардың тамақтану тәртібі біртіндеп қалпына келтірілуде.

"400 грамм сорпаның орнына 70 грамм": “Білім-Инновация” лицей-интернатында балалар нормадан бес есе аз тамақтанып келгенОқыңыз

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары оқиғаға байланысты эпидемиологиялық тексеру жүргізуде.

Олар дайын тағамнан, ауыз судан, әртүрлі беттерден сынамалар алған. Сонымен қатар лагерь қызметкерлері ішек инфекцияларын тудыратын бактерияларды тасымалдаушы ретінде бар-жоғына тексерілуде.

Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Қазір лагерьде жан-жақты тексеру жүргізілуде.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары