Ақмола облысы Зеренді ауданындағы түрме қызметкерлері Наурыз мерекесінің қарсаңында «қыз қуу» ойнап, атқа мінген, деп жазады Malim.kz Azattyq Rýhy-на сілтеп.
Дереккөзге сүйенсек, Медеу есімді түрме қызметкері Айнұр есімді қызметкерді қуып, ойнаған.
«Олар ғасырларға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрдің мән-мағынасын көрсетуге тырысқан. Ұлттық киім киген олар көрермендердің, яғни, әріптестерінің алдында «қыз қуу» ойнаған. Ойын шартына сай, қыз бірінші шауып кетеді. Артынан қуған жігіт оны қуып жетсе, бетінен сүйеді немесе ақ орамалын алады», - деп жазған полиция.
Салтқа сай, қызды қуып жете алмаған жігіт қамшы жейді. Полиция жазғандай, жастар барынша шынайы ойнап, әріптестеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға тырысқан.
«Түрме ұжымы жас әрі көңілді. Біз үнемі салт-дәстүрді жаңғыртып, Отанымыздың тарихына қатысты сәттерді естен шығармауға тырысамыз», - деген түрме басшысы Төлеген Бикеев.