Malim.kz
Экономика

АҚШ Қазақстанға Ресей мұнайын Қытайға тасымалдау лицензиясын ұзартты

Айбын Атабай
pixabay.com

АҚШ Қазақстанға Ресей мұнайын Қытайға тасымалдау лицензиясын 2027 жылдың наурызына дейін ұзартты. Бұл туралы Американың жетекші ақпараттық-қаржылық агенттігі Bloomberg телеарнасының сюжетінде айтылды. 

Басылымның мәліметінше, АҚШ Қаржы министрлігімен өткізілген консультациялардан кейін рұқсат мерзімі 2027 жылғы 19 наурызға дейін созылды.

"Лицензия Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан туындаған жаһандық мұнай нарығындағы тұрақсыздық жағдайында Қазақстанға Ресей мұнайын Қытайға транзиттеуді жалғастыруға мүмкіндік береді", – делінген мәтінде.

АҚШ Қаржы министрлігі берген бұған дейінгі рұқсат осы жылдың сәуіріне дейін жарамды болған еді.

Лицензия Қазақстанға алдағы уақытта да Ресей мұнайын Қытайға жеткізуге жағдай жасайды. Бұл Таяу Шығыстағы қақтығыстарға байланысты әлемдік нарықтағы ахуал тұрақсыз болып тұрған тұста жүзеге асып отыр.

Мұнай экспорты үшін маңызды бағыт саналатын Ормуз бұғазындағы шектеулерге байланысты Азия елдері шикізатты көбіне жоғары бағамен басқа көздерден іздеуге мәжбүр.

"АҚШ-тың жаңа рұқсаты Ресейге түсетін қысымды да азайтады. Лицензия ұзартылмаған жағдайда, әсіресе Украина дрондарының Балтық теңізіндегі мұнай инфрақұрылымына жасаған соққылары аясында, Мәскеу Қытайға келісілген мұнай көлемін жеткізудің балама жолдарын іздеуге мәжбүр болар еді", – деп жазады Bloomberg.

Сондай-ақ қазір Қазақстан арқылы Қытайға жылына шамамен 10 миллион тонна Ресей мұнайы транзиттеледі, бұл күніне шамамен 200 мың баррельді құрайды. Бұл ретте тараптар бұл көлемді жылына 12,5 миллион тоннаға дейін арттыру мүмкіндігін талқылап жатыр.

Бұл Қазақстан үшін неге маңызды

Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаиловтың түсіндіруінше, АҚШ-тың арнайы лицензиясынсыз Ресей мұнайының транзитіне тыйым салынар еді. 2025 жылы "Роснефть" компаниясы санкцияға іліккен соң, онымен жасалатын кез келген операция тәуекелге айналды. Бұл Қазақстан мен қайталама санкцияларға ұшырауы мүмкін "ҚазТрансОйл" компаниясына да қатысты.

Өткен жылдың қараша айында Қазақстанның Энергетика министрлігі мұнай транзитін сақтап қалу үшін АҚШ-тан арнайы рұқсат сұраған болатын. Алдымен ол 2026 жылдың сәуіріне дейін берілсе, енді мерзімі тағы ұзартылды.

"Бұл Қазақстанға не береді? Тасымалданатын мұнай көлемі жылына шамамен 10 миллион тоннаны құрайды. Қазір оны 12,5 миллион тоннаға дейін арттыру мәселесі қарастырылып жатыр. "ҚазТрансОйл" бұдан жыл сайын 150 миллионнан 190 миллион долларға дейін табыс табады. Ал АҚШ үшін бұл – мұнай бағасының өсуін тежеудің тағы бір құралы, өйткені нарық қосымша мұнай көлемімен қамтамасыз етіледі", – деп түсіндірді Исмаилов.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары