Malim.kz
MALIMet

АҚШ-та адамға шошқаның бүйрегі ауыстырылды

Алуа Әшірбекова
Фото: astana_newtimes

АҚШ-та шошқаның бүйрегі трансплантацияланған науқаста 271 күн бойы жұмыс істеді. Бұл жануардан адамға ауыстырылған ағзаның ең ұзақ қызмет ету мерзімі болып отыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Astana_newtimes мәліметінше, трансплантация туралы есепті Бостондағы Mass General Brigham ауруханалар жүйесі мен зерттеу орталықтарының дәрігерлері Lancet журналында жариялаған.

66 жастағы Тим Эндрюстің айтуынша, операция оған бірнеше ай бойы ауруханада жатып, гемодиализ алу қажеттілігінен арылуға мүмкіндік берген. Алайда трансплантациядан кейін тоғыз ай өткен соң шошқаның бүйрегі жұмысын тоқтатып, алып тасталған. Кейін науқасқа адам донорының бүйрегі салынған.

Зерттеу авторлары бұл жағдай генетикалық модификацияланған шошқалардың ағзаларын адам донорын күтіп жүрген науқастар үшін уақытша балама ретінде пайдалануға болатынын көрсетеді деп есептейді.

Ғалымдар шошқаларды адамға ағза ауыстыруға қолайлы жануарлардың бірі санайды. Себебі олардың кейбір ағзаларының құрылысы мен көлемі адам ағзасына ұқсас. Донорлық ағзаның қабылдану мүмкіндігін арттыру үшін арнайы өсірілген шошқалардың геномына 69 өзгеріс енгізілген.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары