Malim.kz
Шоу-бизнес

"Ақша – басты құндылық емес": Димаш Грэмми жобасында өнердегі мұратын айтты

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: instagram - kudaibergenov.dimash / ЖИ арқылы өңделген

Димаш Құдайберген өнердегі басты мақсаты, қазақ мәдениеті мен алдағы халықаралық концерттері туралы әңгімеледі. Әнші аудитория алдындағы жауапкершілікке тоқталып, шығармашылығы арқылы бейбітшілік пен өзара түсіністікті насихаттағысы келетінін жеткізді, деп Malim.kz тілшісі DimashNews порталында жарияланған сұхбатқа⁠ сілтеме жасап хабарлайды.

Димаш Грэмми студиясының "Global Mixtape" жобасының алғашқы шығарылымында журналист Валери Лидің сұрақтарына жауап берген. Әңгіме барысында оның балалық шағы, ұлттық музыкаға көзқарасы және шетелдік тыңдармандарымен байланысы сөз болды.

Әншінің айтуынша, музыкаға қызығушылығы отбасында қалыптасқан. Үйінде қазақтың халық әндерімен қатар Пласидо Доминго, Хосе Каррерас пен Лучано Павароттидің орындауындағы шығармалар тыңдалған. Әртүрлі музыкалық бағытпен ерте танысуы кейін бірнеше жанрда жұмыс істеуіне әсер еткен.

Сұхбат кезінде журналист оның сахнаға екі жасынан шыққаны туралы сұраған. Димаш бұл деректі нақтылап, бес жасынан өнер көрсеткенін айтқан. Осылайша, 32 жастағы әнші сахнадағы тәжірибесі 27 жылға жуықтағанын жеткізді.

Қазақ музыкасы туралы әңгімеде Димаш домбыра мен қобыздың табиғат дыбыстарын, жылқы дүбірін және адам сезімін жеткізе алатынына тоқталған. Ол күйді шетелдік аудиторияға оқиға мен көңіл күйді сөзсіз баяндайтын өнер ретінде түсіндірді. Айтысты таныстырғанда рэптегі сөз сайысымен ұқсастығын атап, ұлттық өнердің өзіндік ерекшелігі бар екенін айтты.

Журналист екі ішекті домбыраның сырттай қарапайым көрінетінін айтқанымен, Димаш оны меңгеру қиын екенін жеткізген. Өзі жиырма жылға жуық үйреніп келе жатса да, орындаушылық деңгейіне әлі талап қоятынын жасырмаған.

Әңгімедегі негізгі тақырыптардың бірі – өнер адамының қоғамға жеткізетін ойы. Димаш көпшілікке ықпал ету мүмкіндігін бейбітшілік, махаббат және адамдардың бірін-бірі түсінуі туралы айтуға пайдаланғысы келетінін түсіндірген.

"Ақша – өміріміздегі ең басты құндылық емес", – деді әнші. Оның пайымынша, тыңдарманы бар адамның жұртқа ізгі құндылықтарды еске салып отыруы маңызды.

Димаштың өзге тілдерде ән орындауы да аудиториямен байланыс орнатуға бағытталған. Әнші мұны өзіне, қазақ мәдениеті мен Қазақстанға құрмет көрсеткен тыңдармандарға алғыс білдірудің жолы деп түсіндіреді. Алдағы сапарларында барған елінің тілінде шығарма орындап көруге ниетті.

Концерттік жоспарларына келгенде ол барлық мәліметті әзірге жариялай алмайтынын айтқан. Дегенмен жиырмадан астам елге баруды көздейтінін, бұл сан отыздан немесе қырықтан да асуы мүмкін екенін жеткізді. Сұхбатта нақты елдер тізімі мен толық кесте ұсынылмаған.

Өнерпаз әлемдік сахнаға шығуды армандап, сол мақсатқа жету үшін еңбектенгенін де айтты. Алайда жетістікті ізденістің аяқталуы деп қабылдамайды. Әңгіме барысында Абайдың ойларына жүгініп, адамның алға ұмтылуы мен жаңа мақсат іздеуінің маңызын атап өткен.

Сондай-ақ Димаш сұхбат берілген уақыттан кейінгі апталарда YouTube арнасында Madison Square Garden аренасындағы концерті туралы деректі фильм ұсынуды жоспарлағанын хабарлады. Бұл кештің өзі үшін де, елі үшін де маңызы зор екенін жеткізді.

Димаш Құдайберген кім?

Димаш Құдайберген – қазақстандық әнші, композитор әрі бірнеше музыкалық аспапта ойнайтын өнерпаз. Толық есімі – Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайберген. Ол 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Әкесі Қанат Айтбаев пен анасы Светлана Айтбаева – танымал әншілер. Өнерлі отбасында өскен Димаш бала кезінен музыкамен айналысқан.

Әнші 2017 жылы Қытайдағы "Singer" музыкалық байқауына қатысып, халықаралық деңгейде танылды. Жобаның финалында екінші орын иеленді. Димаштың орындаушылық ерекшелігі – кең дауыс диапазоны мен түрлі жанрды үйлестіре білуі. Ол қазақ тіліндегі шығармалармен қатар өзге тілдерде де ән орындайды. Концерттерінде ұлттық музыканы таныстырып, домбыра мен күй өнерін шетелдік тыңдарманға насихаттайды. 2023 жылы оған "Қазақстанның халық әртісі" атағы берілді.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары