Malim.kz
MALIMet

Ақша үнемдеймін деп, артық сатып аласыз: дүкендегі қандай айлаларға алданып жүрміз?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Дүкенге нан мен сүт алуға кіріп, толы пакетпен шығу көпшілікке таныс жағдай. Жеңілдік белгісі, үлкен қаптама мен "екеуін алсаңыз, үшіншісі тегін" деген ұсыныс тиімді көрінгенімен, бәрі бірдей шығынды азайтпайды. Сатып алушыны артық саудадан сақтайтын тәсілдер туралы Malim.kz тілшісі Which? тұтынушылар ұйымының кеңестеріне және Ұлыбританияның Бәсекелестік және нарықтар басқармасының зерттеуіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Үшіншісі тегін": сізге үшеуі де керек пе?

Бір тауардың орнына бірнешеуін алуға шақыратын ұсыныс шынымен тиімді болуы мүмкін. Бірақ оның пайдасы сатып алған заттың бәрін пайдаланғанда ғана сезіледі.

Мысалы, шартты түрде бір йогурт 400 теңге тұрсын. "Екеуін алсаңыз, үшіншісі тегін" акциясымен үш данасына 800 теңге төлейсіз. Әрқайсысы арзанырақ түседі. Алайда сізге біреуі ғана қажет болса, жоспарлаған 400 теңгенің орнына 800 теңге жұмсадыңыз.

Бұған қоса, акциядағы тауар басқа көлемдегі қаптамадан қымбат шығуы мүмкін. Ұлыбританияның Бәсекелестік және нарықтар басқармасы зерттеу барысында осындай мысалдарды анықтаған. Сондықтан «тегін» деген сөзге тоқталмай, қанша өнім алатыныңызды және оған қанша төлейтініңізді есептеген жөн.

Үлкен қаптама үнемі арзан болмайды

"Үлкенін алсам, үнемдеймін" деген оймен тауарды есептемей алу да артық шығынға әкелуі мүмкін. Сол зерттеуде кейбір үлкен қаптамалардың бірлік бағасы шағынынан қымбат болғаны көрсетілген.

Мұны қарапайым есеппен тексеруге болады. Төмендегі бағалар – түсіндіруге арналған шартты мысал:

• 400 грамм өнім 800 теңге болса, бір келісі 2 000 теңгеге түседі.

• 900 грамм өнім 1 980 теңге болса, бір келісі 2 200 теңге болады.

Бұл жағдайда шағын қаптама тиімдірек. Салыстыру үшін бағаны салмаққа бөліп, бір келіге немесе бір литрге шаққандағы құнын табу жеткілікті.

Бағасы өзгермегенімен, ішіндегі өнім азаюы мүмкін

Күнде алып жүрген тауарыңыз бұрынғы бағасымен тұрса, қымбаттамағандай көрінеді. Бірақ қаптамадағы салмақты да тексеріңіз.

АҚШ-тың Федералдық сауда комиссиясы өндірушілер кейде өнім көлемін азайтып, бағасын сол күйінде қалдыратынын түсіндіреді. Қаптаманың сыртқы көрінісі қатты өзгермесе, сатып алушы мұны бірден байқамауы мүмкін.

Мәселен, шартты түрде бұрын 200 грамм өнімді 1 000 теңгеге алып жүрсеңіз, оның 100 грамы 500 теңгеге түскен. Кейін сол бағадағы қаптама 180 грамға азайса, 100 грамының құны шамамен 556 теңге болады. Сөредегі баға өзгермеді, ал өнімнің бірдей мөлшеріне көбірек төлеп тұрсыз.

Көзге бірінші түскен тауармен шектелмеңіз

Сөреге қарағанда қол созуға ыңғайлы, көз деңгейіндегі өнімді ала салу оңай. Алайда төменгі немесе жоғарғы қатарда бағасы қолайлы балама болуы мүмкін.

Солтүстік Ирландияның Consumer Council тұтынушылар кеңесі сөрелердің барлық қатарына қарап, ұқсас тауарлардың бағасын салыстыруға кеңес береді. Бір өнімнің баламалары дүкеннің бірнеше бөлімінде де кездесуі мүмкін.

Мұнда тек бағаны қарау жеткіліксіз: салмағын, құрамын және өзіңізге қажет қасиетін қатар салыстырыңыз. Арзан тауарды ұнатпай, кейін пайдаланбай қойсаңыз, одан үнем болмайды.

Нан мен сүтке барар жолда себет неге толады?

Which? ұйымының түсіндіруінше, күнделікті қажет тауарлардың дүкеннің әр тұсына орналасуы сатып алушының көбірек сөренің жанынан өтуіне ықпал етеді. Жолай жоспарға кірмеген өнімдер де көзге түседі.

Ұйым жаңа піскен нанның иісі мен дүкендегі жағымды орта да сатып алуға ынталандыруы мүмкін екенін атап өтеді. Сондықтан жиі баратын дүкеніңізде қажетті өнімдердің орнын біліп, сол бөлімдерге тікелей барған пайдалы.

"Акция бітіп қалады" деп асықпаңыз

Жеңілдіктің мерзімі аяқталуға жақын болса, "қазір алып қалмасам, кейін қымбаттайды" деген ой тууы мүмкін. Бірақ Which? зерттеулері көптеген тауардың қайта-қайта акцияға түсетінін көрсеткен. Ал бір дүкендегі жеңілдік бағасы басқа дүкендегі қалыпты бағамен бірдей болуы ықтимал.

Сатып аларда өзіңізге бір сұрақ қойыңыз: "Жеңілдік болмаса да, осы затты бүгін алар ма едім?" Жауабыңыз "жоқ" болса, оны себетке салмас бұрын қажеттігін қайта ойланған дұрыс.

Дүкенге шығарда үйдегі қорды қарап, қажет заттың мөлшерін тізімге жазыңыз. Ал кассаға жеткенде жоспарсыз алған өнімдерді бір шолып шығыңыз. Үнемді сауданың өлшемі – чектегі жеңілдік сомасы ғана емес, төлеген ақшаңызға шынымен қажет зат алғаныңыз.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары