Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында "Жастар" стадионы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, тапсырыс беруші тараптың өкілдері, мердігер компанияның басшылары және аудан тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Malim.kz.
Облыс әкімі жиналған жұртты ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында жаңартылған стадионның ашылуымен құттықтады. Ол бұқаралық спортты дамыту мен халық денсаулығын нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. 2023–2026 жылдары 132 жаңа әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Соның 24-і – спорт нысаны. Қазір барлық аудан орталығы мен ірі ауылда дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар. Шағын елді мекендерде де заманауи спорт нысандары ашылып жатыр. Жаңарған «Жастар» стадионы жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, үлкен жарыстарда жеңіске жетуіне жол ашады деп сенемін", – деді Нариман Төреғалиев.
Көпбейінді спорт кешені "КПО б.в." компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында жаңғыртылды. Кешенде заманауи спорт залы, FIFA талаптарына сай футбол алаңы, ұлттық спорт түрлеріне және жаттығуға арналған алаңдар, жүгіру жолдары мен экстремалды спортқа арналған арнайы аймақ бар.
Облыс әкімі жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтаған "Қалдығайты" мердігер компаниясына алғыс хат табыстады.
Нариман Төреғалиев стадионды аралап, мекеме басшылығымен, жаттықтырушылармен және жас спортшылармен әңгімелесті. Жаңартылған Құрмет тақтасына Бөрлі ауданынан шыққан әлем чемпиондары Темірлан Көлбай, Гүлдана Әлмұхамбетова, Меруерт Байниязова, Мәлік Мұқашев және Азария Хаммидуллиннің суреттері қойылып, спорттағы жетістіктері жазылған. Облыс әкімі бұл бастаманы қолдап, жерлестерінің жетістігі жас спортшыларға үлгі болатынын айтты.
Ақсайда "КПО б.в." компаниясының әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалары аясында оңалту орталығы мен Оқушылар және жастар сарайы да салынып жатыр.